Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның бұрынғы басшысы қамауға алынды

Қаракөз Амантай 14 июл. 2025 10:47

Азаптау ісі бойынша күдікке ілінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы басшысы Талғат Татубаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz KazTAG агенттігіне сілтеме жасап.

“14 шілдеде Татубаев тергеу амалдары аяқталғанға дейін екі айға қамауға алынды. Сондай-ақ осы іс аясында “Қорғас ісі” бойынша тергеуші болған Бауыржан Мұжықов та дәл осы мерзімге қамауға алынды”, – деді дүйсенбі күні агенттікке мәлімет берген дереккөз.

KazTAG редакциясы бұл жайтқа байланысты Бас прокуратураның баспасөз қызметіне ресми түсініктеме алу үшін сұраныс жолдаған.

Айта кетейік, Талғат Татубаев бұған дейін де азаптау дерегі бойынша ұсталған еді. Ол – бұрынғы бас прокурор әрі Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінің (қаржы полициясы) экс-басшысы Қайрат Қожамжаровтың ең сенімді серіктерінің бірі саналады.

12 шілде күні KazTAG агенттігі Қожамжаровпен байланысты тұлғалар Татубаев пен өзге де топ мүшелерін “құтқаруға” тырысып жатқаны, олар жазадан сытылып кетуі мүмкін екені туралы хабарлаған.


Рекомендовать
Последние новости