ШҚО-да тоғыз әлеуметтік нысан ашылды

Dalanews 02 дек. 2015 02:04 898

ШҚО-да Тұңғыш Президент күнінде бірқатар әлеуметтік нысандар ашылды. Соның ішінде, жаңадан ашылған 100 орындық оңалту орталығы бір ауысымда 50 науқасқа дейін қабылдайды. Орталық заманауи құрылғылармен жабдықталып, барлық шарт-жағдай жасалған. Мұнда Оңтүстік Кореяда біліктіліктерін арттырып келген мамандар қызмет атқарады.

80 науқасқа және 20 күндізгі стационарға арналған орталықта ШҚО және Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласындағы католик университі мен Ёнсе қаласындағы Кангнам Северанс клиникасы арасындағы меморандум аясында біліктіліктерін арттырып келген мамандар қызмет атқаратын болады.

– Жаңа орталық негізгі үш бағыт: кардиологиялық, неврологиялық және ортопедиялық бағыт бойынша ем жүргізеді. Біздің әріптестігіміз алдағы уақытта мұнымен тоқтап қалмайды, – деді Оңтүстік Корея католик университеті физиотерапия саласының профессоры Ким Джунг Хи.

Оңалту орталығының кардиологы Сәуле Маманбаеваның айтуынша, науқастан хирургиялық отадан шыққан немесе жүрек талмасына, инсультке ұшыраған науқастар келіп, ем-дом алады. Ал орталыққа жолдаманы қаланың әрбір медициналық мекемелерінен алуға болады.

Бұл күні ШҚО-да 9 әлеуметтік нысан, атап айтсақ, Күршім, Ұлан аудандарында дәрігерлік амбулатория, Зайсан ауданында Мәдениет үйі мен дәрігерлік амбулатория, Катонқарағай ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен дәрігерлік амбулатория, Зырян ауданында балабақша және Жарма ауданында жаңа мектеп ашылды.

 

 

Рекомендовать
Последние новости