ШҚО-да еңбек қатынастарын реттейтін келісімге қол қойылды

Dalanews 15 апр. 2021 09:25 828

Шығыс Қазақстанда облыс кәсіпорындарының қызметкерлері үшін әллеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеуде көмек болатын меморандумға қол қойылды. Аталмыш құжаттың арқасында 2023 жылы барлық жұмысшының еңбекақысы 30 пайызға дейін өседі деген болжам бар.

Бұл құжат экономикалық тұрақтылықты нығайтуға, еңбек қатынастарын, даулы мәселелерді реттеу, жұмыспен қамту және еңбекақы төлеудің тиімді жағдайларын жасауға өз септігін тигізеді. Меморандум Шығыс Қазақстан әкімдігі, облыстық кәсіподақтар бірлестіктері мен жұмыс берушілердің өзара ынтымақтастығына негізделген. Бүгінде 2018-2020 жылдар аралығында жасалған келісім-шарттың мерзімі аяқталған. Осыған байланысты, әлеуметтік әріптестік тараптары алдағы үш жылдық кезеңге арналған облыстық үшжақты келісімнің жобасын дайындады.

ШҚО әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтовтың айтуынша, өткен жылдары келісім аясында өңірдегі негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. 2018 жылдан бастап комиссияның 21 отырысы өткізілді. Онда тұрақты негізде жалақы бойынша қызметкерлердің алдындағы берешекті өтеу және болдырмау мәселесі талқыланды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде үш миллиард теңгеге жуық борыш өтеліп, облыстың 760 кәсіпорнында 18 200 жұмысшының құқығы қорғалды.

– Бірнеше жыл бойы республикада «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, сондай-ақ "Жұмыспен қамтудың жол картасы" іске  асырылып келеді. Облыста 140 мыңға жуық тұрғын «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысты. Тек 2020 жылы  өңірде 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр, – дейді Шәкәрім Бұқтұғұтов.

Айта кетейік, үкімет 2021 жылдың 12 наурызында жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері мен кәсіптік одақтар арасында 2021-2023 жылдарға арналған келісім-шартқа қол қойды. Осылайша, облыстық үшжақты келісімнің жобасы әзірленіп, еңбекақыны, әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын уақытылы төлеуге қоғамдық бақылауды күшейтуге баса назар аударылды.

«ШҚО кәсіподақ орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов аталған меморандум аясында 2023 жылдың соңына қарай облыс кәсіпорындары қызметкерлерінің жалақысын кемінде 30 пайызға өсіру жоспарланғанын айтты. Сонымен қоса, үшжақты комиссияның одан арғы жұмысы әлеуметтік әріптестікті нығайтуға және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге бағытталатын болады.

– Облыстық келісім-шарт 8 бөлім, 120 тармақтан тұрады. Жеңілдіктер деңгейінің белгілі бір өсуін, ауылдық елді мекендерде тұратын денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт салаларының және ветеринариялық қызметтердің мамандарына көмек көрсетуді көздейді. Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын техникалық инспекторларды материалдық ынталандыру тетігі айқындалды, – деді Темірбек Қасымжанов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, өзгерістер "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" заңға да қатысты болды. Меморандум аясында куәліктің бар-жоғына қарамастан қосымша ақшалай өтемақы алуға құқығы бар тұлғалар анықталды.

Меморандумға қол қою рәсіміне облыстың атқарушы билік органдарынан ШҚО әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтов, облыс кәсіподақтарынан – аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов, «АМАНАТ» Қазақстан кәсіподақтар Достастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Михаил Айзенберг, жұмыс берушілер тарапынан ШҚО бойынша орман, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі кәсіпорындары өңірлік қауымдастығының төрағасы Виталий Чернецкий қатысты.

Рекомендовать
Последние новости