ШҚО әкімі коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген азаматтарды марапаттады

Dalanews 24 июн. 2020 08:52 840

ШҚО әкімі Даниал Ахметов "BIZ BIRGEMIZ" республикалық онлайн-форум аясында COVID-19 вирусымен күресте ерлік көрсеткен шығысқазақстандықтарға ел Президенті атынан "Халық алғысы" медалін табыс етті.

Індетпен күресу барысында көрсеткет қолдауы мен танытқан ерліктері үшін облыстың бетке ұстар азаматтары алғысқа бөленді. Олардың ішінде ірі компания өкілдері, журналистер, қоғам белсенділері, дәрігерлер мен тәртіп сақшылары бар. Жалпы, ШҚО-ның 100-ге жуық тұрғыны "Халық алғысы" марапатына ие болды.



- Қасым-Жомарт Кемелұлы қиын-қыстау кезеңде мемлекет қойған міндеттерді адал орындағаны үшін олардың әрқайсысына алғыс айтты.

Коронавирус инфекциясымен күресте үлкен жүктеме әсіресе, медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық сала қызметкерлерінің иығына артылды.


Сондай-ақ, полицейлер мен әскерилер, еріктілер мен журналистер де күш-жігерлерін аяған жоқ. Әсіресе, жомарттық танытқан өңірдің ірі компаниялары мен кәсіпкерлері сүбелі үлес қосты. Мен сіздердің әрқайсыңызға зор ризашылығымды білдіремін, - деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.



Жалпы, елімізде төтенше жағдай жарияланған кезден бастап облыста еріктілер мен бизнес өкілдері жұмыссыз қалған отбасыларға, зейнеткерлер мен көп балалы отбасыларға барынша көмек көрсетіп, азық-түлікпен қамтамасыз етті.

«BIRGEMIZ» қоғамдық қоры белгілеген елу мың теңгені құрайтын жәрдемақы 40  мыңнан астам отбасыға берілді.


Өңірдегі ірі компаниялардың бірі, «Халық алғысы» медалін иеленген «Қазмырыш» АҚ-ның әкімшілік мәселелері бойынша атқарушы директоры Андрей Лазаревтің айтуынша, кәсіпорында қызметкерлерді қысқартуға жол берілмей, осы ұжымда еңбек еткен ардагерлердің үйіне керекті азық-түліктер үнемі жеткізіліп тұрды. – Қазірде әлемді шарпыған індет барлығымызға оңай тиіп отырған жоқ. Сондықтан бір-бірімізді қолдап, көмек қолын беруіміз керек. Аталмыш проблемамен ешкім бетпе-бет қалмауы керек, - дейді компания өкілі.



Облыс әкімі Даниал Ахметов жиын соңында шығысқазақстандықтарды барлық сақтық шараларын сақтауға шақырды.

– COVID-19 індетіне шалдыққандар саны күн санап артып келеді. Тұрғындар барынша сақтық шараларын сақтап, қорғану керек. Бүгінгі таңда облыстағы науқастар саны 500-ге жетті. Вирус аудандарда да кеңінен таралып келеді. Босаңсуға әлі ерте, бұны барлығымыз дұрыс түсінуіміз керек, - деді аймақ басшысы.


 

Рекомендовать
Последние новости