«Хайп пен лайк қуған» жүргізуші автокөлігін ғимараттың 12 қабатына шығарып, қауіпті дрифт жасаған. Трюктің видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бұзақы 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шымкентте автокөлікті шамамен 40 метр биіктікке — мұнаралы кранның көмегімен ғимараттың төбесіне көтерген. Одан кейін жүргізуші бетон алаңында қауіпті маневрлер жасай бастаған.
— Полиция автокөлікті он екі қабатты ғимараттың төбесіне көтеріп, әдейі қауіпті маневрлер жасаған, заңды өрескел бұзған жүргізушіні анықтап, ұстады. Оның әрекеттері адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді және көңіл көтеруге мүлде қатысы жоқ, — деп хабарлады Шымкент ПД.
Тексеру нәтижесінде құқық бұзушы он тәулікке қамауға алынды. Автокөлік айыптұраққа қойылды.
— Мұндай әрекеттер — қайғылы жағдайға апаратын тура жол. Көрермен мен виртуалды «танымалдықты» қуу заңды әдейі бұзуға себеп бола алмайды. Әрбір осындай факт қатаң әрі дереу тоқтатылады, — деп атап өтті ведомство.
