Шымкент тұрғыны жалған уәде үшін жауапқа тартылды

Қаракөз Амантай 26 сент. 2025 09:26

Шымкентте өзін мемлекеттік бағдарламалар арқылы қайтарымсыз грант әперемін деп сендірген 31 жастағы әйелге сот үкімі шықты. Ол үш адамнан жалпы көлемі 8,6 миллион теңге алып, алаяқтық жасағаны үшін 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Otyrar.kz мәліметінше, айыпталушы жәбірленушілерге өзін халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыспен қамту бөлімінде істейтін қызметкер ретінде таныстырып, сеніміне кірген. Ол "Атамекен" бағдарламасы бойынша 5 миллион және 1 миллион 50 мың теңге көлемінде грант алып бере алатынын айтып, уәде берген. Нәтижесінде жәбірленушілер мен олардың туыстары жалпы сомасы 32 миллион теңге грантқа қол жеткіземіз деп ойлап, қаражаттарын берген.

Сотталушы кінәсін ішінара мойындаған. Үкімде ол ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1) және 3) тармақтары бойынша кінәлі деп танылғаны жазылған.

Конституцияның 30 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылыққа сәйкес жаза мерзімі қысқартылып, түпкілікті шешім бойынша ол 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды. Әйел жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Алайда оның кәмелет жасқа толмаған балаларының болуына байланысты сот жазаны өтеуді екі жылға шегерді.

Сонымен бірге сотталушы жәбірленушілерге келтірген шығынды өтеуге міндеттелді:

  • Мәметөренің пайдасына — 2,7 млн теңге;
  • Әділбекованың пайдасына — 2,8 млн теңге;
  • Паязованың пайдасына — 3,1 млн теңге;
  • мемлекет пайдасына — 86 мың теңге мемлекеттік баж салығы.

Үкім 15 қыркүйекте шыққанымен, әлі заңды күшіне енген жоқ.


Рекомендовать
Последние новости