Шығыста биыл ауыл шаруашылығын қолдауға 26,5 млрд теңге бөлінген

Dalanews 20 окт. 2023 14:52 1411

Ағымдағы жылы Шығыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 26,5 млрд теңге бөлінді, оның ішінде жыл басынан бері 22,7 млрд теңге игерілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Биыл 52 675,1 млн теңгеге 17 жоба жоспарланған болатын. Жыл басынан бері 32 910,1 млн теңгеге 10 жоба іске асырылды, – деді Р.Сағандықов.

Осы күнге дейін облыста дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 86%-ы жиналып, 334,05 мың тонна астық қамбаға бастырылған. Майлы дақылдарды жинау жұмыстары басталып, бүгінгі таңда 54,74 мың гектардан, 116,03 мың тонна өнім жиналды.

– Егін жинау жұмыстарын жүргізуге облыс шаруаларына 8,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Бүгінгі таңда бұл көлем толығымен игерілген. Жуырда ҚР ЭМ мен ҚР АШМ-ге егін жинау жұмыстарына тағы 10 мың тонна көлемінде жеңілдетілген дизель отынына қажеттілік жөнінде хат жолданды. Дәнді және майлы дақылдарды кептіру үшін облыс үшін 7 мың тонна дизель отыны бөлінді, – деп атап өтті спикер.

Бүгінде облыста 18,8 мың басқа арналаған 34 бордақылау алаңы жұмыс істейді, оның ішінде өнеркәсіптік үлгідегі 8 алаң 1000 бастан, қалған 26 алаң қуаттылығы 90-нан 600 басқа дейін мал бордақылайды.


Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша жүктеме 24% құрап отыр.

– Өңірде 37 сүт-тауар фермасы және 23 сүт қабылдау пункті жұмыс істейді. Жыл басынан бері сүт-тауар фермаларында 51 мың тонна сүт өндірген. Тұрғындардан 11,8 мың тонна сүт сатып алынды. Сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 42% құрады, – деп толықтырды Рамиль Сағандықов.

Баспасөз мәслихатының соңында ШҚО АШ басқармасы басшысының м.а. инфляцияны болдырмау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында 2023-2024 жылдары "айналым схемасы" тетігі шеңберінде облыс бюджетінен 4,2 млрд теңге бөлінгенін жеткізді.

 

Рекомендовать
Последние новости