Шерзаттың өліміне қатысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезінде берген жауаптарын оқып берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Нұрқанат бұл іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған.
Оның айтуынша, оқиға күні ол Қамажай дүкенінің қасындағы ет дүкеніне ет әкелген. Бұл шамамен кешкі сағат 19:00-19:30 аралығы болған. Сол кезде Болат Нұрымов хабарласып, үйге қауын алып келуді сұраған. Шерзатпен бірге дүкен ішін реттеп, тазалап бітіргенде сағат 20:00 шамасы еді. Нұрқанаттың сөзінше, Шерзат күн бойы қасында болып, бірге мал сойған. Үйге қайтуға ұсыныс жасағанда Шерзат "Нұрқанат аға, сіз үйге қайтыңыз, мен дүкенді жинастырып, артынан барамын" деген. Нұрқанат үйіне өзі қайтып, кешкі асын ішкен соң ұйықтаған. Түнгі сағат 23:00 шамасында жеңгесі оятып, Қаржаубай ағасының шұғыл дүкенге шақырып жатқанын жеткізген.
Телефон арқылы сөйлескенде Қаржаубай ағасы Шерзаттың біреумен төбелесіп қалғанын айтқан. Осыдан кейін Нұрқанат әкесінің көлігін мініп, дүкенге барған.
Дүкеннің алдында Дархан есімді жігіт тұрғанын көрген. Шерзат оған жақындап, әкесіне дөрекі сөйлегені үшін ескерту жасаған. Нұрқанаттың айтуынша, сол сәтте Дархан Шерзатқа тіл тигізген соң, Шерзат оны ұрып жіберген. Кейін Шерзат Дарханмен ертең, сау күйде сөйлесуді ұсынған.
Сол арада Дархан Нұрболға хабарласып, оқиға орнына Нұрбол гольф көлігімен келген. Нұрбол өзін "хуторскиймін" деп таныстырып, әңгімені ушықтырмай, келесі күні сөйлесуге келіскен. Бірақ дүкендегі төлем мәселесі шешілмеген.
Нұрқанаттың айтуынша, Дархан Қаржаубайға жалған чек көрсеткен соң, қайтадан жанжал басталған. Нұрбол Нұрқанатпен сөзге келіп, дүкенге кіріп өзі төлем жасаған. Осыдан кейін олар уақытша тарасқан. Нұрқанат көліктің кілтін Шерзатқа беріп, үйге қайтуға жіберген.
Бірақ көп ұзамай Дархан, Нұрбол және олармен бірге тағы бір жігіт қайтадан дүкенге келіп, жанжал қайта өршіген.
Нұрқанаттың айтуынша, Дархан бетін жырып алғанын айтқан. Сол сәтте Қаржаубай мен Нұрбол арасында тағы жанжал шыққан. Шерзат екеуін ажыратпақ болған. Нұрбол дүкен ішінде Қаржаубайға пышақ көрсеткен. Бұдан кейін Нұрбол өз таныстарына, алдымен "Чикаға", кейін Нұрқиясқа хабарласқан.
Бұдан әрі жағдай ушыққан. Нұрқанат Шерзатқа үйге қайтуға кеңес берген. Ал өзі дүкеннің алдында қалып, Нұрболмен тілдескен. Бірақ кейін басқа көліктер де келіп, Абзал, Нұрқияс, Шыңғыс және тағы бірнеше адам дүкен алдына жиналған.
Нұрқанаттың айтуынша, олар амандасып болған соң, дүкен есігін ашып, артындағыларға "делайте" деген белгі берген.
Осы кезде Нұрқияс Ахмет есімді баланы ұрып, бетонға құлатқан. Абзал Ахметті жағасынан ұстап тұрған жерінен Нұрқанат оны құтқарып алған. Кейін жігіттер Нұрқанатқа шабуыл жасаған. Нұрқияс оны ұрып, Нұрқанат та қарсылық білдірген.
Қаржаубай дүкен ішінде қамалып қалған. Есікті бір қыз ұстап, оны шығармай тұрған. Осы кезде басқа бір қыз мерседестен пышақтарды алып беріп тұрған.
Нұрқанаттың айтуынша, Нұрқияс оған бірнеше рет пышақ сермеген. Шерзат бұл кезде Абзалға шабуыл жасап, Нұрқанатты қорғауға келген. Бірақ оқиға орнына жиналған он шақты жігіт шабуыл жасаған соң, Нұрқанат Шерзатқа "қаша бер" деген.
Нұрқанат 10-15 метр жерде алыстап жүргенде, Шерзат "Нұрқанат аға, маған бірнәрсе тығып алды" деп үш рет айқайлаған. Жүгіріп барған Нұрқанат оның сол жақ арқа тұсына пышақ сұғылғанын көрген.
Нұрқанат жігіттерге тоқтауды, жедел жәрдем шақыруды сұрағанымен, оны бірнеше адам ұрып-соққан. Абзал оның жамбасына пышақ сұққан, тағы біреу басынан металл затпен ұрған. Одан кейін Нұрқанат есінен танып, тек ауруханада есін жиған.