Шарлапаев ауырып тұрса да, депутаттың сұрағына жауап берді

Қаракөз Амантай 27 нояб. 2024 13:00 944

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Гүлдара Нұрымова Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа мемлекеттік құрылыс шығындарын төмендету бойынша сауал қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Нұрымова республикалық бюджеттің кіріс-шығыс балансындағы кемшіліктерді атап өтіп, шығындарды қысқартудың тиімді жолдарын қарастыру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, құрылыс жұмыстарының құны шынайы нарық бағасымен салыстырғанда бірнеше есе артық есептеледі.

"Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері бюджеттің кіріс бөлігін арттырып, шығыстарды азайту бағытында жұмыс істеуі қажет. Өкінішке қарай, мұндай жұмыстың нәтижесі байқалмай отыр. Шығындарды азайтудың бір жолы – құрылыс жұмыстарының құнын қайта қарап, оны шынайы деңгейге дейін төмендету. Министрлік бұл мәселе бойынша қандай шаралар жоспарлап отыр?" – деп сұрады депутат.

Министр Қанат Шарлапаев денсаулығына байланысты дауысы қарлығып тұрғанын атап өтіп, қысқа да нұсқа жауап берді. 

"Сұрағыңыз өте өзекті. Біз мемлекеттік сараптама арқылы құрылыс шығындарын оңтайландыру мен заманауи әдістерді енгізу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", – деді ол.

Отырыс барысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл сәтті әзілмен түйіндеді.

"Дәрігер депутаттың сұрағына сырқат министр жауап беруге тырысты", – деп пікір білдірді.


Рекомендовать
Последние новости