Шанхай ұйымы. Ауғанстанда тыныштық орнамай, ұйым кеңістігінде тұрақты даму болмайды

Dalanews 15 июл. 2021 10:12 1025

Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері Душанбеде Ауғанстандағы жағдайды талқылады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау жабық есік жағдайында өтті. Жиналыстан соң Тәжікстанның сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин ұйым елдері Ауғанстандағы жағдайды талқылағанын мәлімдеді. «Біз коалиция күштері Ауғанстаннан шығарылған соң онда қалыптасқан жағдайға алаңдаймыз» деді министр.

ШЫҰ сыртқы істер министрлері ұйымға мүше елдер мен олардың көршілерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілмей, ұйым кеңестігінде тұрақты даму болмайды деп есептейді.

Биыл қыркүйекте Душанбеде ШЫҰ-ға мүше елдердің басшыларының саммиті өтеді. Министрлер кеңесінің 14 шілдедегі жиналысында Душанбедегі саммит туралы қаулы қабылданды. Саммитте 2022-2024 жылдары терроризм, сепаратизм және экстремизммен күресте ұйымға мүше елдерінің әріптестігі бағдарламасы қаралады.

Сарапшылар осы ұйымға мүше елдер Ауғанстандағы жағдайға ықпал етіп, елде тұрақтылық орнауына көмектесе алады деп есептейді.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымына Қытай, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мүше. Сарапшылардың дені коалицияны Ресей мен Қытайдың саяси құралы ретінде қарастырады.

«Шанхай бестігі» Қытай мен бұрынғы советтік республикалар арасындағы шекара мәселелерін шешу үшін құрылған. Ауғанстан, Беларусь, Иран және Моңғолия ұйымда бақылаушы мәртебесіне ие. Армения, Әзірбайдан, Камбоджа, Непал, Түркия және Шри-Ланка ШЫҰ-ға әріптес елдер саналады.

Рекомендовать
Последние новости