"Ел түгел кетуге дайын...". Кабулда тұратын қазақ Ауғанстандағы жағдай туралы айтты

Dalanews 13 июл. 2021 13:30 983

Ауғанстан астанасы Кабулде тұратын қазақ Зияболқақ Мүсілімбек сол жақтағы қандастардың тұрмысына тоқталып, "Талибан" қозғалысы мен үкімет әскері арасындағы текетірестің күннен-күнге үдеп жатқанын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz Азаттыққа сілтеп.

Оның айтуынша Кабулдан басқа қалалардың барлығында саяси жағдай шиеленісіп тұр. Провинция орталықтарының біразы және басқа кішігірім қалалар түгел тәліптердің қолына өткен.

"Адамдар Ауғанстанда зорға өмір сүріп жатыр. Егер кез келген бір ел «келіңдер, баспана береміз» десе ел түгел кетуге дайын", – дейді ол.

Ауғанстанда тұратын этникалық қазақтардың біразы консулдықтан көмек сұрап, хабар күтіп отыр. Мүсілімбек соғыс қимылы күшейіп, "Талибан" күш ала бастаған кезде кейбір қазақтар Қазақстанға кетіп үлгергенін жеткізді.

"Мысалы, менің ата-анам қазір Түркістанда тұрып жатыр. Ал екі ағам Құндызда. Құндыз қазір "Талибанның" бақылауына. Бірақ әзірге оларға ешкім тиіскен жоқ. Ағаларымның Құндызда да тіршілігі, мал-мүлкі бар.

Жерді немесе малды сату түгілі тегін беремін десең де алмайды. Себебі ешкім ертеңінің қалай болатынын білмейді. Әркім өз жанымен әлек.

Тағы бір айтатын жайт, қазақтар мекен ететін аумақтардың көбі тәліптердің қолында. Сондықтан олар да ашып ештеңе айта алмайды. Егер сізге, журналистерге жауап бермей жатса, оларды қинамаңыздар. Сөйлеуге қорқады", – дейді ол.

Бала кезінен оқ дауысын естіп, жарылған снарядты көріп өскенін айтқан Мүсілімбек ауған халқының "Талибанның" билікке келгенін қаламайтынын айтады. Алайда бұл жолы тәліп әскері басқаша саясат ұстанып, қарапайым халықтың сеніміне кіруге тырысуда. 


"Тіпті "Талибан" басып алған жерде тыныштық орнап, ұрлық-қарлық тыйыла бастады. Мысалы, менің жақындарым Құндызда тұрады. "Талибан" әскері жергілікті жұртқа ешқандай қысым жасаған жоқ. Керісінше сіздерді қолдаймыз, тиіспейміз деп жатыр.

Осыған байланысты жергілікті жұрттың арасында алауыздық пайда болды. Халық екіге бөлініп алды. Біріншісі "Талибанның" билік басына келуіне қарсы болса, екінші топ оларды қолдап отыр. Меніңше, бұл – уақытша жағдай. Тәліптер халықтың сеніміне толық кіргеннен кейін өз дегендерін жасайды. Өздерінің ұстанған идеологиясын жүзеге асырады.

Осы жерде тағы бір нәрсені айта кетейін, бұған дейін билік басында отырған пуштундар Ауғанстанда өмір сүретін өзге ұлттарға оң көзбен қараған жоқ. Екінші орынға қойды. "Талибанда" да сондай ұстаным анық аңғарылады.


Яғни, олар жергілікті пуштундарға ("Талибанның" негізі пуштундардан тұрады – Ред.) ғана жылы қабақ танытып отыр", – дейді ол.

Айтуынша тәліп билігі орнаған жағдайда әйелдерге білім алуға, мектепке баруға тыйым салына ма деген қорқыныш  бар.

"Тіпті көшеге шыққан жағдайда да жалғыз емес, қасында жақын туысқаны болып келетін ер адам жүруге мәжбүр болады.

Қазір Ауғанстан әйелдері өте жақсы жетістікке қол жеткізген. Білімді әйелдер бар, тіпті саясатқа араласып жүрген әйелдерді де кездестіруге болады. Осындай белсенді әйелдер қазір жергілікті телеарна арқылы билікке үндеу жасап, берілмеуге шақырып жатыр. "Ауған әйелдерінің жағдайы қиын болады" деп халықаралық ұйымдардан көмек сұрап жатыр.

Әрине, тәліптер билікке келген жағдайда ең алдымен қиындық әйелдерге туады. Тіпті қазірдің өзінде сол қауіптен қашып, Еуропаға, АҚШ-қа кетіп қалған бірнеше белсенді әйелді білемін", – дейді Зияболқақ Мүсілімбек.

Рекомендовать
Последние новости