Сауранда ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті

Dalanews 08 нояб. 2021 09:50 1698

Түркістан облысы, Сауран ауданында ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті. «Сәлем саған, Түркістан!» атты фестиваль аясында өткен жарысқа Сауран, Отырар аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларының спортшылары қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов сөз сөйлеп, жұртшылықты құттықтады. Өңірде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келе жақанына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тарихи Сауран қалашығы маңында өткен фестивальде көкпар, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату жəне лəңгі тебуден жүлделер сарапқа салынды. Сонымен бірге құсбегілер мен тазы баптаушылар да жұртшылыққа көне дәстүрден сыр шертті. Қыраны қалықтап, тазысы оқтай зулаған түркістандықтар өңірде төл мәдениетімізді жалғастырушылар бар екенін аңғартты.

Жоғары деңгейде өткен бұл мәдениет және өнер фестиваліне Түркістан облысының әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасы, Сауран және Отырар аудандарының әкімдіктері ат салысты.



Жарыс жолына шыққан Сауран, Отырар аудандары мен Түркістан мен Кентау қалаларының талантты спортшылары көрерменнің делебесін қоздырып, ұлттық спорт түрлері бойынша шеберліктерін көрсетті. Көкпаршылар мықтылығын паш етсе, мергендер жамбыны дәл көздеп, жұртшылықты таңғалдырды.


Бүгінде Түркістан облысында туризм саласы қанатын кеңге жайып келеді. Бұл ретте шетелдік және отандық саяхатшыларға тарихи ескерткіштер мен табиғатты көрсетумен қатар ұлттық болмысымызды, мәдениетімізді дәріптейтін іс-шаралар ұйымдастырылып тұруы тиіс. Осы мақсатты көздеген Сауран төріндегі ұлттық спорт сайысы өңірдің туризмдегі және спорттағы зор әлеуетін байқатты.



Рекомендовать
Последние новости