Сауран ауданының әкімі тағайындалды

Dalanews 26 апр. 2021 02:37 980

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаңадан құрылған Түркістан облысы Сауран ауданының алғашқы әкімі тағайындалды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Сауран ауданының активіне жаңа әкімді таныстырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Конституциясының 87-бабына сәйкес, ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Сауран аудандық мәслихаты депутаттарының бірауыздан қолдауымен, Сауран ауданы әкімінің лауазымына бұған дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келген Ғани Құрмашұлы Рысбеков тағайындалды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Сауран ауданының әкіміне алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, абыройлы еңбек ететініне сенім білдірді.

– Өздеріңізге белгілі, 2018 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойып, осылайша, Елбасы қабылдаған стратегиялық шешім күллі түркі жұртының рухани астанасы болған Түркістанның қайта түлеуіне үлкен серпініс берді. Ағымдағы жылғы 12 наурыздағы Жарлығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орталығы Шорнақ ауылында орналасқан, құрамына 12 ауыл округі енгізілген Сауран ауданы құрылған болатын. Бұл – үлкен жеңіс,  тарихи оқиға. Бүгінгі тарихи сәтпен Сауран ауданының халқын құттықтаймын. Сауран ауданында үлкен потенциал бар. Жаңа ауданға тәжірибелі арнайы әкімді тағайындап отырмыз. Аудан экономикасын көтеруге бар тәжірибесін, білімін, күш-жігетір жұмсайды деп сенемін. Аудан қайта бой түзеп келе жатқан Түркістан қаласымен шектеседі, сондықтан, Сауран ауданына ерекше көңіл бөлінеді. Басты мақсат – аудан халқына барынша қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасау. Ауыл, елді мекендерімізді жайлы, қауіпсіз, таза да көрікті аумаққа айналдыру. Жаңадан тағайындалған аудан басшысына депутататтармен және аудан активімен бірлесіп, осы міндеттерді шешуді тапсырамын, – деді Өмірзақ Естайұлы.

Түркістан облысының әкімі жаңа ауданның алғашқы әкіміне басты назар аударатын бірқатар мәселелерге тоқталып, нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, жаңадан аудандық құрылым бөлімдерін құруды, сәулеті заманауи талаптарға сай аудан орталығының құрылыс жұмыстарын бастап, қарқынды жүргізуді, жаңа өндіріс орындарын ашып, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін шешуді тапсырды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, егістікті суарудың озық тәжірибелерін енгізуді, инвестиция тартып, өнім көлемін арттыру, аудандағы инфрақұрылымды дамытуды міндеттеді.

Ғани Рысбеков өзіне сенім артқан барша азаматтарға алғыс айтып, жаңадан құрылған Сауран ауданының дамуы мен өркендеуі жолында бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Ғ.Қ. Рысбеков 1962 жыл 8 сәуірде Түркістан қаласында туылған. Қазақ, білімі жоғары. 1986 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын ғалым агроном мамандығы, 2005 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін қаржыгер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1979 жылы Түркістан қаласында Чапаев атындағы колхозда жұмысшы болып бастаған. 1980-2015 жылдар аралығында Түлкібас жеміс-жидек зауытының жұмысшысы, Целиноград облысы Балхаш ауданы Веселовский совхозының аға агрономы, Түркістан ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімінің инспекторы, меңгерушісі, Түркістан қаласы жастар ісі спорт және туризм басқармасының бастығы, Түркістан қаласы әкімдігінің шаруашылық басқармасы мемлекеттік мекемесінің бастығы, Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы болған. 2019 жылдан бері Кентау қаласының әкімі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарып келді. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған.

Шорнақ ауылы Түркістан қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан. Бүгінде мұнда 12 мың халық тұрады. Жаңадан құрылған аудан халқының саны 100 мыңнан асады деп жоспарлануда. Ауданның жалпы көлемі 12 ауылдық округ пен әкімшілік орталығын қоса алғанда 650 мың гектар жерді құрайды. Ведомство ұлт руханиятында киелі ұғымға айналған «Сауран» атауының Түркістан облысында құрылған жаңа ауданға берілуі негізді екенін атап өтті. Себебі бұл атау ежелгі Түркістан ұғымымен тығыз байланысты. Жалпы Сауран – XII ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған қала. Шаһар Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. XIII ғасырдың орта шегінде Ақ Орданың астанасы болған.

Рекомендовать
Последние новости