Сауатсыз қыз қалай "Қазақстан аруы" болады?

Dalanews 21 дек. 2016 08:07 998

Ыңғайсыз болды. Өте ыңғайсыз болды. Актер Әнуар Нұрпейісов шындықты айтам деп сөзге қалды.

Биылғы жылғы «Қазақстан аруы» байқауында актер кітап бетін ашпаған сылқымдарды сынға алды. Осы байқауда басталған шу әлі де басылған жоқ. Іkerim.kz сайты дауды бастап берген Әнуармен сұхбаттасыпты. Ол не деген екен?

«Түрің әйбәт болса болды, ақылдың керегі жоқ»

Әнуар Нұрпейісов
Актердің айтуынша оның бұлайша ашынуы бекер емес. «Бәрі өткен жылғы конкурстың нәтижесі», – дейді ол.

«Өкінішке орай, біздің халқымыздың талғамы, яғни, қалауы – әдемі, көрікті, алайда бірде-бір кітап оқымаған қызға түсті. Әрине, мен үшін бұл дөрекі оқиға болды. Сондықтан мен осы жылы да кітап туралы сұрақ қойдым. Бірақ кішкене күрделендіріп қойған болдым. Осы конкурсқа қарап біз бір тұжырымға келе аламыз. Демек бүгінгі күннің қыздары ақылды болуға, не шебер болуға тырыспайды. Әдемі болу керек деген трендті ғана ұстанып жүр. Яғни, бүкіл жинаған қаражатын, отбасының немесе оның болашақ күйеуінің ақшасын тек өзінің әдемілігіне жұмсап, тек қана соған инвестиция салып жатыр. Ал сол қаражаттың кем дегенде жартысын оқуына, тіл үйренуге, болмағанда шетелге баруына жұмсаса, пайдасы болады ғой».

«Жасанды ерін, жасанды қас…Жасандылықтан шаршадым»

Иә, Әнуардың жасандылықтан жүрегі айниды екен. Әбден шаршаған. Опа-далап ұстап тұрған түрлердің аржағында түк жоқ. Бос қуыс. Кітап оқымаған, сауат ашпаған жандар…

«Сондықтан қыздардың еріндерін, кірпіктерін жалған жасап алғанын мен көзбояушылық деп санаймын. Олар өздерінің «өтірік бейнесімен» қоғамда өмір сүріп жүр. Ондай жандардан қандай шындық күтуге болады. Өйткені қандай мықты дәрігер жасаса да, бәрі көрініп тұрады ғой. Қазір қатты білінбеуі мүмкін, бірақ уақыт өте көрінеді. Ол жерде айтқан сөзім тек конкурсқа қатысқан қыздарға ғана айтылған жоқ.

Адамның әдемі немесе басқаша болуы оның кінәсі емес қой. Ол табиғаттың бергені. Ал ақылды болу, еңбекқор болу, жетістікке жету адамның жасаған еңбегінің жетістігі. Сондықтан менің ызам келетіні неге қыздар осындай конкурсқа барғанда өзінің ілімін, білімін дамытпайды?» – дейді актер.

«Сауатсыз қыз «Қазақстан аруы»  атануға лайық па?» 

Айтпақшы, алғашқыда Әнуар аталған байқауға әділ қазы болудан бас тартыпты.

«Бұған өткен жылғы конкурс себеп болған. Сол кезде бәрі қалай болатынын өз көзіммен көргесін, биыл қатыспаймын дедім. Себебі біз қойған сұрағымызға қандай сауатсыз жауап алсақ та, ол «Мисс» бола алады. Онда бұл сайыстың мәні неде? Біздің сұрақтарымыздың мәні неде? Менің сондықтан келісім бергім келмеген еді. Бірақ бір кісілер арқылы өтініш айтты. Әрине, қысым болған жоқ, бірақ ол кісіні қатты сыйлағандықтан бас тарта алмадым. Сосын жақсы мен барамын, бірақ қыздар тағы да бұрынғыдай түсініксіз жауап берсе, онда мен келесі жылы шақырмайтындай етемін дедім…».

Ал осындай осындай конкурстар «сатылады» немесе «крышасы бар жеңеді» деген пікірге қатысты актер: «ол жайында мен сізге ештеңе айта алмаймын. Өйткені маған ешкім ақша берген жоқ, ешкім ұсынған жоқ» деп жауап беріпті.

«Бәрі жалған»

Айтуынша бұл байқау қыздардың шын қабілетін анықтауға мүмкіндік бермейді.

«Менің көңілімнен шығатындай, шын талантты бағалайтындай мүмкіндігім болған жоқ. Мысалы өнер көрсету турында бәрі фонограммамен ән айтып шықты. Оны қалай бағалайсыз? Қалай? Ол жерде қыздарды салыстыруға менің физикалық түрде мүмкіндігім болмады. Жәй қарап отырдық. Бәрі жалған нәрсе» дейді Нұрпейісов.

«Қазақстан аруы? Мұндай байқаудың түкке керегі жоқ» 

«Жарайды, өздері өткізе берсін… Бірақ неге оларды біздің әкімшіліктер қолдайды? Мен мұны салық төлеуші ретінде сұрай аламын. Оған толық құқым бар. Неге біздің қаражатымыз осындай дөрекі, түкке тұрмайтын сайыстарды қолдауға кетуі керек? Жарайды өздерінің қаржыларына өткізе берсін. Бірақ біз сол арқылы кешкілік прайм-тайм уақытта, республикалық арнадан әкімшілік қолдауымен сауатсыздықты дәріптеп жатырмыз ғой. Оған мен қарсымын! Сіз қараңызшы, мен физикадан формуланы сұраған жоқпын, Никарагуаның астанасын сұраған жоқпын. Бұл енді қарапайым сұрақтар ғой. Сенің ең сүйікті кітабың қандай? Мейлі, осы жолы үш кітабын сұрадым. Енді адам оқыса солай айта ма? Сіз көрдіңіз ғой «Абай», «Абаай» деп тұр… Сонда «Абай жолын» айта алмай тұр…».

Әнуар, мұның қалай? 

Кітап демекші, әдебиеттен мақұрым «Қазақстан аруларын» сынға алған Әнуардың өзі қандай туындыларды сүйіп оқитынын айтып беріпті.

«Ол біріншіден, Грегори Дэвид Робертстің «Шантарам» шығармасы, сосын Малкольм Гладуэллдің «Гений и аутсайдеры», соңғысы «Чайка по имени Джонатан Ливингстон» деген Ричард Бахтың еңбегі» депті ол.

Ал қазақ әдебиетін аса оқымаған екен.

«Өйткені менің өскен ортам орыс тілді болды. Бірақ Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, және Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» кітабын оқыдым» депті ол.

Осы-ақ па? Қазақ әдебиеті мұнымен шектелмейді ғой? Әлемдік классикадан кем түспейтін тамаша туындылар қазақ әдебиетінде де бар? Әнуар соны біле ме еке?

Тағы да қыздар жайлы

«Меніңше, біздің қыздарымыз денсаулыққа аса көңіл бөлмейді. Мысалы, әдемі көріну үшін, жылы киінбейді. Аязды күні көріп, «мына бейшара қыз қалай бір колготкимен жүр?» деп аяйсың. Екіншіден кальян, темекі, алкогольді ішімдіктерді қолданады. Бұрын қазақтың қызына жат нәрселер, бүгінде бізге үйреншікті болып кетті».

Аль ФРЕДО


Рекомендовать
Последние новости