Сарапшылар Қытаймен визасыз режимнің артықшылықтары туралы айтты

Dalanews 10 нояб. 2023 06:49 871

10 қарашадан бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара визалық талаптардан босату туралы келісім күшіне енеді.

Визалық жеңілдіктер 30 күнге дейінгі мерзіммен шектелген. Оны тек саяхат, іскерлік сияқты жеке мақсаттағы сапарлар үшін пайдалануға болады. Бұл келісіммен қатар екі ел арасында ақпарат алмасуға байланысты уағдаластық та күшіне енеді.

Жалпы, Қытаймен жасалған келісім негізінде енді Қазақстан азаматтары 34 мемлекетке визасыз сапарлауға мүмкіндік алды.

Азаматтардың визасыз саяхаттау құқығы – мемлекеттің тұрақты дамуы мен еларалық дипломатиядағы жетістігінің бір көрінісі. Мысалы, Жапония азаматтары 142 елге белгілі бір мерзімге визасыз саяхаттай алады. Ұлыбритания азаматтары 144 елге, АҚШ азаматтары 186 елге визасыз кіруге құқылы. Ал Қытай азаматтары үшін 32 елде визасыз талаптар жеңілдетілген.

Қазақстан үшін халықаралық қауымдастықта барлық елдермен тең дәрежеде серіктестікті сақтау аса маңызды. Визасыз жүйе туралы дәл осындай келісімді жасау туралы келіссөз Еуропа елдерімен де жүргізіліп жатыр, бірақ бұл елдер тарапынан әзірге нақты шешім қабылданған жоқ.

Ең бастысы, екі ел арасындағы визасыз жүйе туралы келісімді Қазақстан да, Қытай да кез келген уақытта уақытша тоқтатуға немесе күшін жоюға қақылы. Нақтырақ айтқанда, Келісімнің 8-бабында көрсетілгендей, екі тараптың кез келгені ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіп немесе денсаулық сақтауды қамтамасыз ету мақсатында бұл Келісімді уақытша тоқтатуға, ішінара немесе толықтай тоқтатуға құқылы.

Бұл келісімге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылдың 18 мамырында Қытай Халық Республикасына жасаған іссапары барысында қол қойылған болатын.

Жақсыбек Жиеналиев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы


Рекомендовать
Последние новости