Сарандағы жылыту маусымында олқылық жіберген шенеуніктер жазаланды

Сағыныш Сардарова 28 окт. 2024 13:03 2245

Сарандағы жылыту маусымында олқылық жібергендер ескерту алды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланды.

Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте мәлімдеді.

"Өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін, атап айтқанда, жылыту маусымына дайындықты жеткіліксіз түрде бақылағаны үшін менің бірінші орынбасарыма ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылсын. Саран қаласының әкімі мен энергетика және ТКШ басқармасының басшысына қатаң сөгіс жариялансын. Қыс мезгілінде сапалы жылумен қамтамасыз ету міндеті біз үшін басым екенін тағы да еске салғым келеді. Жұмыс тұрақты түрде жүргізілуі керек! Әр жағдай бойынша қатаң баға беріліп, жауапкершілік дәрежесі анықталады", – деді өңір басшысы.

Саран қаласының әкімі қаладағы жылу жағдайы туралы баяндады. Оның айтуынша, барлық жергілікті қазандық штаттық режимде жұмыс істеп тұр, отын қоры қамтамасыз етілген.

"Кейбір үйлер бойынша қалалық чатқа түсетін сұрақтар жедел қаралады", - деп сендірді Еркін Баулықов.

Айта кетейік, бұған дейін Саран қаласының тұрғындары үйлерінде жылу жоғын айтып шағымданды. Кейін бұл мәселе Үкімет отырысында қаралды.

"Бұл – Саран қаласы әкімінің жеке жауапкершілігі және облыс әкімдігі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы", - деп сынады Олжас Бектенов.


Рекомендовать
Последние новости