Сапарбаев сыйлаған көлікті Ақшолақов ауруханасына табыстады

Dalanews 22 мар. 2017 08:14 1005

Бердібек Сапарбаевтың арнайы шақыруымен Ақтөбеге медицина саласының нарқасқалары Төрегелді Шарманов, Жақсылық Досқалиев және таяуда «Еңбек ері» атағын алған Серік Ақшолақов келді, деп хабарлайды «Тілші». Облыс басшысы мыңдаған адамға өмір, денсаулық сыйлаған дәрігерлерге шақыртуды қабыл алып, мереке қарсаңында уақыт тауып Ақтөбеге келгендері үшін алғысын жаудырды.

– Біз сіздермен мақтанамыз. Былтыр Елбасының жарлығына сәйкес, Серік Қуандықұлының «Еңбек ері» атағына ие болуы Ақтөбе үшін үлкен абырой, үлкен бедел деп ойлаймын. Ең бірінші ақтөбеліктердің, екіншіден дәрігерлер қауымының беделін арттырды. Мұны біз президенттің медицина саласына қамқорлығы деп білеміз, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Әкім меймандардың медицина қауымдастығымен, студент жастармен болған кездесулерінің де маңызы зор екенін атап өтті.

– Өздеріңіз білесіздер, былтырдан бастап Ақтөбе өңірінде медицина кластерін қалыптастырсақ деп жұмыс істеп жатырмыз. Мақсатымыз – Ақтөбе неігінде Төреғали, Жақсылық, Серік секілді осы өңірден шыққан дәрігерлердің білімі мен тәжірибесін пайдаланып, Ақтөбені батыс өңірінің орталығы етіп жасасақ. Соңғы кезде өңірімізде медицина саласы дамып келеді. Өздеріңіз білесіздер, қай уақытта бауырды, бүйректі ауыстыру операциясы жасалып еді. Жүрекке қашан ота жасалды? Осының барлығы сіздердің еңбектеріңіз, – деді облыс басшысы.

Серік Ақшолақов ауылдан жаяу кетпесін деген тілекпен Бердібек Сапарбаев ақтөбеліктердің атынан көлік мінгізетінін жеткізді. Алайда, мейман темір тұлпарды облыстық жедел жәрдем ауруханасына табыстады.

– Менің осылай шалқып жүруіме алдымен осы елдің азаматтары зор ықпал етті. Әке-шешеме, ағайындарыма алғыс білдіремін. Қара шаңырақ – медицина университетіне басымды иемін. Жақсының жақсылығын айт, бізді қолдап, шақырғаныңызға рахмет, атқа мінген азаматсыз, үкіметте жүргенде де медицина саласына ерекше ден қоятынсыз. Сізге денсаулық тілеймін, Бердібек Машбекұлы, – деді Серік Ақшолақов.

Мейман облыстағы жаңадан бой көтерген медицина мекемелеріндегі соңғы үлгідегі жабдықтарды көріп таңқалғанын жасырмады. Өңірде қолға алынып жатқан бастамаларға сәттілік тіледі.

–  Ал, көлікті мен облыстық жедел жәрдем ауруханасының ұжымына тарту еткім келеді. «Туған жерім – тірегім» деп жатады ғой. Менің тірегім осы облыстық жедел жәрдем ауруханасы. Өткенде Қызылорда облысының Байқоңырында зымыранның аспанға ұшқанын көрдім. Мені де көтерген осы аурухана. Менің Байқоңырым осы, темір тұлпарды осы мекемеге атасам деймін, – деді Шалқардан шыққан, ат әлемге әйгілі нейрохирург Серік Ақшолақов.

 

Марат Төлепберген, «Тілші»

Рекомендовать
Последние новости