Сап-сау кетіп, әскерден ауру болып оралған Ренатқа қатысты тың дерек жарияланды

Dalanews 11 нояб. 2021 07:26 961

Отан алдындағы борышын атқаруға сап-сау кетіп, ауру болып оралған Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны Ренат Жеткергеновке қатысты тың ақпараттар пайда болды, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Әншейінде БАҚ өкілдеріне сұхбат беруге құлықсыз Қорғаныс министрлігі бұл жолы белсенді. Әскерде 19 жастағы ұлына зорлық-зомбылық жасалды деген сарбаздың жақындарының шағымымен келіспейді.

Отан алдындағы борышын аяқтауға 8 күн қалғанда Ренатты үйіне жеткізіп тастаған, 4 әскеридің бірі Амангелді Көпжан. Ол сарбаздың үстіндегі киімі бүтін болған, жаздық аяқ киімді өзіне ыңғайлы болуы үшін кигенін айтты. Сондай-ақ ол әкесінің ұлының денсаулығынан хабары болмаған, дейді, делінеді Астана телеарнасының сюжетінде.

Амангелді КӨПЖАН, ДИВИЗИОН КОМАНДИРІНІҢ ТЖИЖ БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:

"Ол жерде сол кісінің ағасы болды Бахтияр деген. Сол кісі айтады да: бір әулие бар. Мен сол әулиеден қоңырау шалып сұрадым. Сен оны қамағансыңдар, ұрғансыңдар, сосын есінен алжастырып жібергенсіңдер дейді. Ұрып жіберсек ол жерге барып не қыламыз?".

Ақтау қаласындағы 25/744 Теңіз жаяу әскерлері бөліміндегілер ұрмадық деп ақталып әлек. Тіпті ата-анасына оны дәлелдеу үшін медициналық тексеруге алып барайық деп ұсыныс та жасадық деп отыр. Бірақ оған құлақ аспады деді. Тек сұрақтың астына алғандарын жеткізді.

Амангелді КӨПЖАН, ДИВИЗИОН КОМАНДИРІНІҢ ТЖИЖ БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:

"Есі дұрыс емес болып тұр ғой баланың. Өз-өзіне жауап бере алмайтын баладан аузынан "иә" деген сөзі ғана шықпай тұр да, аналар шығара алмай тұр да".


Солай-ақ болсын, сонда Ренат әскерге қалай қабылданған? Медициналық тексеріс дұрыс жүргізілмегені ме? Көкейдегі күдікті сауалдарды аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығына жолдадық.

Бауыржан ҚУАТОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ АРАЛ АУДАНДЫҚ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

"Облыстық қорытынды комиссиядан өткізіп, қорытынды комиссияның қорытындысы бойынша "А" жарамды болып өтті. Бірінші сатыдағы жарамды бала. Психологиялық тестілеуден де жақсы өткен".

Ренаттың әскерде бірге болған қарулас достарының бірі, күдікті сейілтті.

Оның сөзінше елге қайтатыннан бір апта бұрын, сарбаз командирлермен сөзге келіп қалған. Сол күннен бастап досын көрмеген, тек қайтатын кезде ғана бірақ көріпті.

Бекарыс ТАҢАТАРОВ, Р.ЖЕТКЕРГЕНОВТЫҢ ЖАУЫНГЕРЛІК ДОСЫ:

"Сөзге келіп қалған күннен бастап Ренатты бөлімнің сыртындағы казармаға алып кетті. Содан бастап Ренатты бір апта көрмедік. Пойызда көрген кезде Ренат басқа жағдайда болды. Баяғы бір жыл қызмет кеткен Ренат жоқ. Басқа түр, танымай қалдық Ренатты".

Туыстары болса, сарбазды әскери шенділер 8 күн бойы қинаған деп отыр. Оны Ренатта бір сөзінде айтып қалды, дейді. Құлағын тесіп, әйел етіп аламыз деген көрінеді. Осы жағдайдан соң оның ата-анасы тиіс орындарға шағым түсірген. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.


Бекен ШЫНТІЛЕУОВ, ҚР ҚК ӘСКЕРИ ПОЛИЦИЯ БАС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

"Қылмыстық іс аясында тиісті сараптамалар жүргізіліп Ренат Жеткергеновтың туыстарының барлық тұжырымдары мұқият тексеріледі. Сондай-ақ тергеудің толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да тергеу іс-шаралары жүргізілетін болады".

Бұған дейін де Ақтаудағы 25/744 әскери бөлімінде бірнеше рет шу шыққан. Арасында Ренат сияқты есінен айырылғандары да бар.

https://youtu.be/IcoShbTPqAI

Рекомендовать
Последние новости