Сәкен жүрген ізбенен

Dalanews 10 окт. 2019 06:37 1564

Дауылпаз ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар перзенті Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл.  

1894 жылы  15 қазанда Қарағанды облысы, Қарашілік қыстағында дүниеге келген Сұңқар Сәкеннің елі үшін атқарған қызметін бірқатар сәкентанушы ғалымдар, ақын жанашырлары жазып та, айтып жүр.

Мектеп табалдырығынан «Тар жол, тайғақ кешу» романы, Көкшетау поэмасы сияқты шығармаларын оқып қана таныған,  Сәкен Сейфуллиннің тағдыры жайлы бірқатар мәліметтер біз үшін жұмбақ еді. Астана қаласының қақ ортасында 30 жылдық тарихы бар, ақынның қара шаңырағы саналған музей бар екенін білсек те, сол шаңыраққа барып көрмеген екенбіз.

2018 жылы қаңтар айында сәті түсіп Сәкен Сейфуллин музейінде еңбек жолымызды жалғастыру бұйырыпты. Аталған музейге кіргеннен көненің көзі саналатын жәдігерлердің иісі аңқып тұрды. Сол жерде «Сәкен жайлы біз не білеміз?»,  «Музей жайлы не білеміз?» деген сұрақтар бірден келді ойға.

Қасиетті шаңырақтағы алғашқы күндерді мектеп кезінде үзіндісін ғана оқыған «Тар жол,  тайғақ кешу» романын оқудан бастадық. Артынша музей аралап жүріп, сол  романды көз алдымыздан бір өткізіп алдық.  Еріксіз көзге жас келді.



Небәрі 43 жас өмір сүрген дауылпаз ақынның елі үшін атқарған еңбектері  ұшан теңіз.

1916 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын бітіріп келіп, ауылға мұғалім болып, Бұғылы болысында мектеп ашып, білім бергенін  бірі білсе, бірі біле бермейді.  1923 жылғы ақпанның 15-інде «Еңбекшіл қазақ» газетінде жарық көрген «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» деген мақаласы жарияланды. Күрескер ақынның еңбектері сәкентанушы, зерттеушілердің кітаптарында, баспасөз беттерінде жазылып, түрлі шараларда айтылып болашақ ұрпақтың санасына сіңірілуде.

Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен ашылған музейде 20-30 жылдары қолданыста болған заттар мен қатар Сәкеннің өзі тұтынған заттары мен киімдері, қолжазбалары мен құжаттары,  еңбектері ақын өмірінен сыр шертеді. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деген атаумен жарық көрген алғашқы өлеңдер жинағы, 1927 жылы жарық көрген «Тар  жол, тайғақ кешу» романының түпнұсқасы сынды құнды жәдігерлер сақталған.

Тарихи құнды 6000-нан астам жәдігер сақтап  отырған аталған музейде Сәкеннің өзі киген киімі де бар.


Замандастарының жазбаларына сүйенсек ақын  европалық стильде киінген. Оны музей төрінен орын алған, костюмы мен Қырымға, Алупка шипажайына барған кезде сатып алған туфлиінен де аңғаруға болады. Тіпті жары Гүлбахрам екеуінің ұлдарының 1 жасқа толғанына орай сатып алған,  алайда жайылмай қалған  ақ дастарханы да музейде сақталған.

Сәкеннің артында қалған ұрпағы жоқ  екені барлығымызға белгілі. Аяулы қызы Лаура мен ұлы Аян жастайынан өмірден өтті.

Қазіргі таңда ақынның атын  ұлықтап,  жанашыр туыстары еске алады. Әкесі мен ағасы, өзінің сүйегі қайда жерленгенін әлі күнге білмегендіктен, інісі Мәжит Сейфуллин мен келіні Әмина Сейфуллиналардың зират басына барлығына туыстары ескерткіш орнатқан екен.

Бұл туралы Алматыға барған сапарда көз жеткіздік. Кеңсайдағы зират басына барып, дұға етуден бастап, Сәкен жанашырларымен кездесуге барған едік.

Сапар барысында Мәжиттің балалары мен немерелерін көріп, сұхбаттасып қайтқан болатынмыз.

Орынбек Мәжитұлының жұбайы Рима Ескендірқызының айтуынша бұл әулетте ер азаматтардың ғұмыры ұзақ болмаған.

[caption id="attachment_47267" align="aligncenter" width="554"]                                     Рима Ескендірқызы ұлы Сәкен Сейфуллинмен[/caption]

Яғни, Мәжиттің Орынбек, Амангелді, Төлеген  есімді ұлдары болған.  Алайда барлығы 40 жасынан аса, немесе жетпей өмірден өткен екен. Әулеттің үлкен келіні өз сөзінде, алғаш келін болып түскенде Сәкен Сейфуллин жайында ештене білмегендігін, кейіннен сол әулетке зерттеу барысында келген ғалымдардың қарасы көп болғандығын айтады.

Мәжиттің Рымжан, София, Бағдат есімді қыздары да бар. Музей қабырғасында қонақ болып жүрген бұл жанашыр жандарды барлығы да біледі. София Мәжитқызының шаңырағына барып, үйіндегі бір бөлмені музей етіп қойғанын көргенде ерекше сезімде болдық. Ол бөлмеде ата-анасынан қалған ескі жиһаздардан бастап, барлық суреттер мен құжаттар сақталған. Ағасының ақталуына ат салысқан Мәжиттің бірқатар құжаттарын көрдік, әр жылдары мерейтой қарсаңында жарыққа шыққан заттардың коллекциясы мен кітаптардың өзі шағын музей болып тұр. Асылдың тұяғындай бұл жандардың көздеріне жас алып, естеліктермен бөліскенін тыңдау біз үшін бір бақыт болды.

Ең қызығы Орынбек Мәжитұлының үлкен ұлының атын Сәкен деп қойған. Қазіргі таңда ақынға қатысты өтіп жатқан түрлі шараларда бой көрсетіп, демеушілік етіп,  өз тарапынан жанашырлық танытып бірқатар ауқымды шаралар атқарып жүргеніне қарап риза боласын. 


Сәкен Орынбекұлы Сейфуллин еліміздің еңбегі сіңген қаржыгері болса да, әкесі Орынбек те поэзиядан алыс болмағанын, кітап сөресінен бірқатар кітаптардың шығуына тікелей ат салысқанын көрдік.

Артынша Сәкен Орынбекұлы Алматының орталық саябағында орналасқан ақынның ескерткіші, Сәкен сабақ берген университет, Сәкен отырғызған ағашты көрсетті. «Қазақ әнге қосқан Сәкеннің сәніне тамсанбаған ару болмаған бұл жерлерде»,- деп университет маңын көрсетіп, сөзін түйіндеген еді. Сәкендей дара тұлғаның жүрген жерлерімен жүріп, рухына тағзым ету біз үшін үлкен мәртебе!

[caption id="attachment_47268" align="aligncenter" width="738"] sdr[/caption]

Кітап саласынан, жалпы мәдениет саласынан алыстамау мақсатында Семей қаласына Абай атындағы әмбебап кітапханасына да келудің сәті түсті.  Кітапхананың сирек кездесетін кітаптар қорында Абай Құнанбаевтың қолымен ұстап, оқыған кітаптары сақталған.

Елімізде ешбір кітапханада кездеспейтін бұл кітаптар арасында Сәкен Сейфуллиннің 1934 жылы Алматы, Қазақстан көркем әдебиет баспасынан шыққан 79 беттік, латын әліпбиінде жазылған «Қызыл ат» поэмасы да бар. Тіпті музейде сақталмаған бұл кітап өте құнды жәдігер.

Бүгінгі күні асылдарымыздың ұрпағымын деп әлемге жар салып, алайда қолында ешқандай дәлел де,  құжат та жоқ  екенін ескермей жүрген жандар жетерлік.


Арыстарымыздың  кеудесіне атылған оқ аз болғандай әлі күнге дейін ақынға жала жауып, түрлі айыптауларымен бірқатар мақала да жарыққа шығып жүр. Сәкен жанашырлары шырылдап соларға нақты дәлелдермен жауап беруге де дайын,  алайда онсызда тағдырлары ауыр болған, біздің болашағымыз үшін жанын берген  асылдарымызға тыныштық берсек дейміз.

 

Арай Талғатқызы


Абай атындағы әмбебап кітапхана қызметкері


 

Рекомендовать
Последние новости