Риддердегі жанжал: тіл жанашыры әкімдік қызметкерлерінен кешірім сұрады

Dalanews 06 окт. 2023 05:13 1076

Риддер қаласындағы қазақ тілінің ахуалына алаңдаған ұлт белсендісі Диас Құзайыров елге үн қатты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ресей пропагандасы "тіл патрулінің" мүшесі деп атаған Құзайыров Риддердегі жар дегендегі жалғыз қазақ мектебінің жабылмауын талап еткен еді. Осы арыз-шағымның негізінде әкімдікке барған белсендіні ресми тілде сөйлейтін қызметкерлер қарсы алған.

Мемлекеттік тілдің табанға тапталып жатқанына қынжылған Құзайыров болған жайды видеоға түсіріп, жұртшылыққа жария еткен болатын.

Риддерді мемтілдің мүшкіл жағдайы қазақтілді ортада қызу талқыланып, қоғамдық резонанс тудырды. Кейіннен еліміздегі ресейшіл күштердің қысымымен Құзайыровтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды.

Осығай байланысты youtube арнасында үндеу жариялаған тіл жанашыры даудың басы мемлекеттік құрылымдарда қазақ тілінің кенже қалуынан туындағанын айтыпты.


"Қазақ тілі қашан да өсіп, өркендеуі керек деп есептеймін. Оны мемлекеттік қызметкерлер білуі міндетті. Әкімдікке "Шаңырақ" мектебінің мәселесі бойынша бардық. Мемлекеттік органдар алдында осы мәселені көтеріп, мемлекеттік тілде сөйледік. Сол кезде әкімдік қызметкерлердің көпшілігі қазақ тілін мүлде меңгермегені анықталды. Соған ашу-ызамыз келді», - дейді Құзайыров.

Даулы видеода бас жарылып, көз шығардай өрескел әрекетке бармаған Құзайыров әйтсе де, осы әрекеті үшін әкімдік қызметкерлерінен кешірім сұрапты.

Белсенді әкімдікке кірудің талаптарын ескермегенін, эмоцияға ерік бергенін айтады.


"Мемлекеттік органдар қызметкерлеріне қолайсыздық туғызып, олардың жұмысына кедергі келтіргенім үшін кешірім сұраймын. Олар (әкімдік қызметкерлері) тарапынан дәл сондай адекватты және дәл осындай реакция болар деп үміт етемін. Ал жазылушылардан алаңдамауды және адамдардың ұлтына назар аудармауды сұраймын, себебі біз бәріміз қай ұлт болсақ та - қазақстандықпыз, - деген екен сөзінің соңында Құзайыров.

DALA INSIDE телеграм арнасының пайымдауынша тіл жанашарын кешірім сұрауға мәжбүр еткен болуы мүмкін. Бұған дейін орыстілді ақпарат құралдары Риддер әкімдігінің төрт қызметкері Құзайыровтың үстінен арыз жазғанын хабарлаған. Мұны Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев растаған болатын.

Ал мәжілісмен Ермұрат Бапи Диас Құзайыровты қолдау жөнінде бүгін бір топ депутат арнайы мәлімдеме қабылдағанын, мәтіні бүгін жарияланатынын айтты.

Рекомендовать
Последние новости