Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстары басталды. Соған байланысты қалада 10 мамыр мен 1 қыркүйек аралығында тұрғын үйлер мен мекемелерде ыстық су болмайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Өткен жылдың жазы мен күзінде ЖЭО-да жөндеу жұмыстары қолға алынып, қиын жағдай тұрақтандырылған болатын. Осылайша, 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымы күрделі ақаусыз өтті. Биыл да жөндеу жұмыстары жалғасады. Былтыр жөндеумен қамтылмаған қазандық агрегаттарын, турбогенераторларды, қосалқы жабдықтарды күрделі жөндеу жоспарланып отыр", - делінген әкімдік хабарламасында.
Сондай-ақ жалпы ұзындығы 18,9 шақырым болатын жылу желілерінің 55 учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
"Барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау жоспарланып отыр. Олардың орындалу барысы үнемі бақылауда болады", - деп хабарлады қалалық әкімдік.