Роман Скляр Үкіметтің өңірлік саясат пен аумақтық дамытуға қатысты жоспары туралы айтып берді

Dalanews 30 сент. 2021 12:34 825

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр ел Үкіметі жүзеге асырып жатқан Президент Жолдауын іске асыру шаралары туралы баяндады. Ол Қазақстан Үкіметі өңірлік саясат пен аумақтық дамытуды жетілдіруді жоспарлап отырғанын айтты, – деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

– Елдің дамуы өңірлердің теңгерімді дамуы негізінде ғана мүмкін болады. Жыл соңына дейін Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары қабылданады, ол өңірлік стандарттар жүйесі негізінде "инфрақұрылым адамдарға" қағидатын іске асыруға бағытталған, – деді Р.Скляр.

Роман Скляр бұл қағидаттың маңызы инфрақұрылымды, оның ішінде көлік, әлеуметтік, коммуникациялық және энергетикалық инфрақұрылымды озық дамытуда екенін түсіндірді.

Үкімет келесі бағыттар бойынша қалалар мен ауылдық елді мекендерді дамытуға баса назар аударады: кәсіпкерлікті қолдау; «зәкірлік жобаларды» іске асыру арқылы экономиканы әртараптандыру; инженерлік инфрақұрылымды салу және жаңғырту; көліктік байланыс мәселелерін шешу; әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын іске асыру және т.б. 2020 жылдың қорытындысы бойынша республика халқының 94%-ы сумен қамтамасыз етілген. Бұл 17,7 млн адам.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау үшін 1,3 млн-ға жуық ел азаматтары тұратын 1 922 ауылдық елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау желілері мен су тазарту жүйелерінің құрылысы жалғасатын болады. Осылайша, 2025 жылға қарай ел халқы 100% таза ауыз суға қол жеткізумен қамтамасыз етіледі.

Электр энергиясын тұтынудың өсуін ескере отырып, экологиялық маневрлік қуаттарды дамыту мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қажетті шарты болып табылады.

Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, бу-газ қондырғыларын салу жобалары бойынша бірлескен жұмыс жүргізуде және 2026 жылға қарай еліміздің оңтүстігінде шамамен 3 мың МВт қуаттылықты іске қосу күтілуде.

– Соңғы жылдары әлемдік тәжірибені ескере отырып, жаңартылатын энергия көздері секторындағы инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша нақты қадамдар жасалды. Мемлекет экономиканы декарбонизациялауға бағытталған белсенді саясат жүргізуде. Қазіргі уақытта елімізде шамамен 2 мың МВт жаңартылатын энергия өндіріледі, – деп хабарлады Р.Скляр.

Оның айтуынша, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 2 есеге артып, 4000 МВт құрайды, бұл ЖЭК үлесінің 6%-ын жоспарлы мақсатты индикатормен қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін газ-химия саласының үш жобасы іске асырылатын болады. Олардың бірі – «Қашаған» кен орнында жылына 1 млрд текше метр шикі газды өңдеу қуатымен газ өңдеу зауытының құрылысы, ол бойынша қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Батыс Қазақстан өңірінің тұтынушыларын тұрақты газбен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралдық газ құбырын жаңғырту және «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырының екінші желісін (308 км) іске қосу жоспарланған.

Тұрғын үй мәселелерін шешуге келетін болсақ, Қазақстан Үкіметі «бір терезе» қағидаты бойынша әкімшісі ретінде «Отбасы банкін» белгілеумен толыққанды бағдарлама әзірлеуді жүргізуде.

– Ел халқының тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған, мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру және мұқтаждар есебіне қоюдың бірыңғай қағидаларын бекітуді көздейтін тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң жобасы әзірленді. Соның ішінде азаматтарға кейіннен тұрғын үй сатып алу мақсатында жинақтау үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін «Отбасы банкіндегі» шоттарға аударуға құқық беруді көздейтін нормативтік база қайта өңделеді, – деді Р. Скляр брифингте.

Президент Жолдауына сәйкес шараларды қолдануды талап ететін тағы бір сала – агроөнеркәсіп кешені. Үкімет басшысының орынбасары атап өткендей, агроөнеркәсіптік кешеннің басты мақсаты — елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Ауыл шаруашылығы өндірісіне ауа райы факторларының теріс әсерін жою, сондай-ақ мал шаруашылығының жемшөп базасын дамыту мақсатында егіншілікті әртараптандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол үшін жалдау шарты шеңберінде қабылданған міндеттемелерді орындау бойынша жер пайдаланушыларының жұмысын  бақылау тетіктері әзірленді.

– Мемлекеттік реттеу шаралары заманауи цифрлық технологияларды қолдануға, ғарыштық мониторинг пен жерді қашықтан зондтауға негізделіп, мемлекеттік қолдау шараларымен үйлестірілетін болады, – деп толықтырды Роман Скляр.

Бұдан басқа, бизнес үшін: егіс алқаптарын әртараптандыру, ауыл шаруашылығының жалпы өнімін ұлғайту, еңбек өнімділігін арттыру, сондай-ақ жерді ұтымды пайдалану жөніндегі талаптарды орындау сияқты қарсы міндеттемелерді кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

Ауыспалы егістегі үлесін ғылыми негізделген нормаларға дейін жеткізе отырып, жем-шөп дақылдарын өсіру алаңын кемінде 2 есе ұлғайту жоспарлануда.

Түбегейлі және жер бетін жақсарту, суландырудың неғұрлым тиімді моделін қолдану арқылы жаңа алқаптарды айналымға тарту жолымен жайылымдардың өнімділігін арттыруға жаңа тәсілдер енгізілетін болады. Осыған байланысты сумен қамтамасыз ету және суды үнемдеу мақсатында тұрақты негізде су арналарын реконструкциялау жүргізілуде.

– 2025 жылға дейін жалпы ұзындығы шамамен 2,3 мың км болатын кемінде 120 магистралдық арнаны қайта жаңартуды жүргізу жоспарда бар, сондай-ақ таяу уақытта елдің алты өңірінде жинақтау көлемі 1,7 млрд м3 болатын 9 жаңа су қоймасы салынатын болады, – деп баяндады ол.

Бүгінгі таңда елімізде шамамен 1,6 млн жеке қосалқы шаруашылық бар, олар 2020 жылдың қорытындысы бойынша 2,6 трлн теңге сомасына ауыл шаруашылығы өнімін өндірді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы жылдың соңына дейін Парламентке «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» Заң жобасы енгізіледі. Осы заң жобасын қабылдау мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде ауыл халқының көптеген топтарының субсидиялар мен жеңілдікті кредиттерге қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы іске қосу жоспарлануда, бұл шағын бытыраңқы фермерлерінің тамақ және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қажеттіліктерімен өзара іс-қимылын тікелей және жанама тізбектер арқылы байланыстыруға мүмкіндік береді. «Бірге – күштірек» кооперация қағидаты ауылдағы ұсақ тауарлы өндірістің бәсекелестік артықшылықтарын арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Роман Скляр ветеринария жүйесіне түбегейлі реформа жүргізілетінін хабарлады. Біріншіден, мемлекеттік монополия функцияларының бір бөлігін бәсекелі ортаға беру жоспарланып отыр, бұл осы салаға жеке капиталдың келуін қамтамасыз етеді.

Екіншіден, ветеринарлық қызметтің эпизоотиялық жағдайды және мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау жөніндегі қызметі цифрлық форматқа көшіріліп, осылайша еліміздің ветеринарлық мамандарын негізгі функцияларын орындауға бағыттай отырып, қағаз жұмыстарынан босататын болады.

Үшіншіден, орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринарлық қызметтері арасында өкілеттіктер нақты бөлінетін болады. Сонымен қатар, ветеринарлық мамандардың жалақысын көтеру мәселесін шешу жоспарлануда.

Рекомендовать
Последние новости