Рыбакинаның орнын алмастырған теннисші Париж Олимпиадасына қатысудан бас тартты

Қаракөз Амантай 26 июл. 2024 15:03 3713

Австралиялық теннисші Дарья Савильдің Париж Олимпиадасына қатыспайтыны белгілі болды. Ал күні кеше ойыннан бас тартқан Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина алдағы күндері Канадада өтетін жарыста бақ сынамақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Енді Дарья Савильді әлемнің 95-ракеткасы, италиялық теннисші Сара Эррани алмастырады.

Бұған дейін WTA рейтингінде 4-орында тұрған қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатысудан бас тарту туралы шешім қабылдағаны белгілі болған еді.

"Құрметті қазақстандықтар! Маған бұл туралы айту оңайға соқпады. Өкінішке қарай, Париж Олимпиадасына қатыса алмаймын. Уимблдон турнирінен кейін мен жедел бронхитпен ауырып қалдым, жаттығуға қайта оралуға тырысқаныммен, денем әлі қалпына келген жоқ. Дәрігерлер кортқа шығуыма үзілді-кесілді тыйым салды", - деді ол.

Осы тұста ол Олимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшыларды қолдайтынын жеткізді.

Рыбакина Канадада өтетін жарысқа қатыспақ

Алайда Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Париж Олимпиадасына қатысудан бас тартқанымен, алдағы күндері Канададағы жарысқа қатысуды көздеп отырғаны белгілі болды.

Канаданың Торонто қаласында дәстүрлі National Bank Open 2024 турнирі өтеді. Оның жүлде қоры – 7 миллион доллардан жоғары.

"Рыбакина 2024 жылы бірнеше жарысты соңына жеткізбей орта жолдан аяқтады. Бұл денсаулығына байланысты орын алды. Олимпиададан бөлек, Индиан-Уэллс, Рим, Истборн турнирлерінде ауырып, кортқа шыға алмады. 25 жастағы теннисші соңғы рет Уимблдон турниріне қатысып, жартылай финалда Барбора Крейчиковадан жеңілді. Енді ол Солтүстік Америкадағы хард турнирлеріне қатысады. 6 тамызда басталатын Торонтодағы National Bank Open турнирінде бақ сынайды", - деп жазды tennis.com сайты.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан теннис федерациясы теннистен әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина денсаулығына байланысты Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатыса алмайтынын мәлімдеген болатын.

Федерацияның мәліметінше, қазір Елена бронхитпен ауырып жатыр. Дәрігерлер оған тек кортқа ғана емес, жарыстарға ұшуға үзілді-кесілді тыйым салып отыр.

«Рыбакина Олимпиадада жоғары деңгейде ойын көрсетуге үміттеніп, ойындарға белсенді түрде дайындалды. Бірақ ауруға байланысты бұл мүмкін болмады. Қазақстан теннис федерациясы Еленаның тезірек сауығып, кортқа сәтті оралуын шын жүректен тілейді. Біз оған сенеміз және оның жаттығулар мен жарыстарға қайта оралуын асыға күтеміз», – делінген хабарламада.


Рекомендовать
Последние новости