Ресей Өзбекстанда АЭС салады: оның саяси астары бар ма?

Сағыныш Сардарова 03 июн. 2024 14:50 2058

Ресей Өзбекстанның Жызақ облысында атом электр станциясын салады. Дегенмен кейбір сарапшылар бұл жоба күмәнді екенін айтады. Солардың бірі - өзбек экономисі Бехзод Хошимов. Ол "Росатомның" Өзбекстанға келуінің экономикалық және саяси астары барын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресей президенті Владимир Путиннің Ташкентке сапары аясында тиісті келісімге қол қойылған. Осылайша жазда Жызақ облысында қуаты 330 МВт болатын нысанның құрылысы басталмақ. Құрылыс жұмыстары "Росатом"-ның жетекшілігімен жүзеге асады. 

Сарапшы "атом электр станциясын салу туралы шешім экономикалық тұрғыдан орынды болды ма, оның құрылысына Өзбекстан қанша қаржы жұмсайды?" деген сауалдарды қойды.

"Ол (АЭС - еск.) басқа қаржы көздерінен, соның ішінде мемлекеттік қарыздан қаржыландырыла ма? Ең бастысы, мемлекет салып жатса, бұдан Өзбекстан халқына қанша шығын келеді? Мемлекеттік және мемлекеттік емес қаржы көзінен пайдаланылатын сомалар толық көрсетілуге тиіс. Бұл талап біздің Конституциямызда да айқындалған. ...Бірақ келісімде станцияның бағасынан да маңыздырақ басқа да шарттар бар. Ол туралы да айтуымыз керек. Станцияны кім басқаратыны, электр энергиясы қандай бағамен сатылатыны өте маңызды. Түркияда Ресей (АЭС-ті) толығымен өз қаражатына салып, 1 киловатт сағат энергияға 12,5 цент деген мәміле жасады. Дәл осындай жағдайда қабылдау керек пе деген орынды сұрақ туындайды. Бүгінде Өзбекстанда арзанырақ генерация көздері болса, қымбат атом энергиясы қаншалық қажет?" - деді ол.

Хошимов мәселенің саяси аспектілері барын мәлімдеді.

"Мемлекеттің шығынына, әсіресе, ірі және маңыздыларына қатысты екінші мәселе - мердігерді таңдау. Тендерге "Росатомнан" басқа компаниялар қатысты ма? Франция мен Жапония сияқты елдерде атом энергетикасы әлдеқайда дамыған, сонымен қатар, олар жоғары сапалы станциялар салып жатыр. Олардың компаниялары біздің Үкіметке не ұсынды? Неліктен "Росатом"? Бұл сұрақты қойып отырған себебім, мұндай мәселеде саясатқа орын жоқ. Еуропа ресейлік энергетикадан толығымен бас тартты, бұған Еуропадағы соғыс себеп болды. Бір кездері Германия саяси аспектіні ескермей, тек экономикалық есепке сүйеніп, ресейлік энергия арзан деп шешті және бұл шешімнен көп шығынға ұшырады. Бірақ біз сияқты әлдеқайда шағын мемлекетке АЭС-тің негізгі мердігері Ресей мемлекеті және Ресей мемлекеттік кәсіпорны екені өте үлкен мәселе болуы керек", - деді ол.

Ол "жапондар мен орыстар бірдей баға ұсынса, жапондарды таңдау керек дер едім. Қалай болғанда да, саяси қауіп әлдеқайда төмен. Соғыс әлі біткен жоқ, егер жаңа санкциялар салынса, мәселен біздің еліміздегі электр станциясы мен оның тұтынушыларына салынса, өзбектерге келер салдары ашық мәселе болады. Өзбекстан энергетика саласын жаңғыртуға алатын қаржы негізінен Батыс немесе Батыс жетекшілік ететін қаржы институттарынан келеді. Бұл ұйымдардың барлығы Ресейге қарсы санкция салған. Енді бір ғана АЭС-тің кесірінен бүкіл энергетикалық жүйені жаңғыртатын технология мен қаржы көзі жойылып кететін қауіп бар ма?" - деді.


Рекомендовать
Последние новости