Ресей Мәсімовпен байланысты тағы бір адамды іздеп жүр

Көркем Алдабергенова 28 нояб. 2024 11:43 834

Ресейдің Ішкі істер министрлігі ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің экс-күйеу баласы Азамат Қапеновтің бауыры - Медер Қапеновке іздеу жариялады. Іздеу жариялану себептері мен қылмыстық іс бойынша мәліметтер әзірге белгісіз, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Медер Қапенов 1993 жылы Қырғызстанда дүниеге келген. 2000 жылдардың соңынан бастап Мәскеуде тұрып, білім алған. Қазақстанда Қапенов «Трансконтейнер Евразия» ЖШС және «Евротранс Актив» ЖШС компанияларының иесі ретінде тіркелген, олар логистика саласында жұмыс істейді. Ресейде оған жылжымайтын мүлік басқарумен айналысатын «Рубиус» компаниясы тиесілі. 2022 жылы ол Қырғызстан азаматтығын алған.

Әлеуметтік желілерде Қапеновтің Мәскеуде элиталық жылжымайтын мүлікке иелік ететіні туралы ақпарат тарады. Оның астананың орталығындағы Варсонофьевскийдегі пәтері шамамен 2 миллиард теңгеге бағаланады. 

Еске салайық, бұған дейін іздеу жарияланған Азамат Кәпенов Біріккен Араб Әмірліктерінде жасырынып жүруі мүмкін екені айтылды. Бұл туралы ақпарат «Выход к морю» телеграм арнасында пайда болған еді. 

Телеграмдағы мәлімет бойынша, бұл туралы ақпарат ресейлік «Магистраль» жүйесінде пайда болған. «Магистраль» - ел ішінде қоғамдық көлік жолаушыларының қозғалысын және олардың Ресей Федерациясының Мемлекеттік шекарасынан өтуін тіркеп отыратын жүйе. «Выход к морю» Кәпенов Мәскеуден Дубайға 2023 жылдың 22 шілдесінде ұшып кетіп, қайтадан оралмағанын жазады.

«Кәпенов Қазақстанның қылмыс әлемінде бұған дейін де көзге түскен. Соның бірі – Алматыдағы «Бейрут» мейрамханасында продюсер Елтінжал Тұрғаналиевпен төбелесі. Тағы бір оқиға бұрынғы әйелімен байланысты. Кәпенов оның бірінші әйелі 150 мың долларын ұрлағанын дәлелдемек болған. Ал 2014 жылы прокуратура Азамат Кәпенов басшылық еткен «Қазтеміртрансқа» тексеріс жүргізген болатын. Азамат тергеу кезінде Мәскеуде болып, артынша Кәрім Мәсімовтің қызы Тамиллаға үйленіп, Ресей азаматтығын алды. Бұл жерде, әрине, оның ықпалы күшті туысы да көмектескен болуы керек».

Телеграм арнадағы мәлімет бойынша, Мәскеуде Кәпенов элиталы жылжымайтын мүліктер мен қымбат автокөліктер сатып ала бастаған. Ол үшін Мәсімовтің экс-күйеубаласы 10 миллиард теңге жұмсаған. Сонымен қатар, Кәпенов елден кетерде құны 190 мың еуро Porsche Taycan Turbo S автокөлігін мініп жүрген.

«Азамат Кәпенов «Қазтеміртранстағы» ісін Кәрім Мәсімовтің арқасында жауып, Қазақстанға ешқандай қылмыстық қудалаудан қорықпай келген. Ал 2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін Мәсімов сотталған соң Кәпеновтің есімі БАҚ беттерінде жиі айтыла бастады. Себебі «Азия-Автоның» бұрынғы иесі Анатолий Балушкин Мәсімовтер әулеті мен Кәпенов зауытқа рейдерлік шабуыл жасады деп айыптады. Артынша Азамат Кәпеновтің үстінен тағы бірнеше арыз жазылған. Осылайша Азаматқа Ресейде жүрген кезінде-ақ «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалды. Бірақ істің мән-жайы Қазақстанда да, Ресейде де айтылмайды. Қылмыстық іс Балушкиннің арызымен де байланысты болуы мүмкін».  

Тағы бір болжам бойынша, Азаматқа қатысты іс «Открытые технологии» ресейлік компаниясындағы серіктестерімен де байланысты болуы мүмкін көрінеді.

«Кәпенов осы компаниямен тығыз серіктестік байланыста болған. Бұл компания Ресей Федерациясына қарсы жоғары технологиялық өнімдерді жеткізуге санкциялар енгізілгеннен кейінтез дами бастады және қорғаныс саласында жұмыс істейтін мемлекеттік мердігерлерденақпараттық қауіпсіздік келісімшарттарын ала бастады. Қаңтар оқиғасынан кейін Азамат Кәпенов экс-қайын атасының командасымен де байланысын үзбеген. 2022 жылы сәуірде Кәпеновтің хатшысы Тимур Құлыбаевтың жақын серіктесі Мирболат Әбуовтің коронавирусқа қарсы тестін тіркеп, оны Radisson Collection Hotel қонақүйіне орналастырған. Ал Әбуовтің Мәсімовпен тек іскерлік бағытта ғана емес, «туыстық» байланысы бар. Мирболат Әбуов пен Мәсімовтің жеке қаржыгері Айгүл Нұриеваның ортақ балалары бар».  


Рекомендовать
Последние новости