"Ресей Жайық суының тең жартысын ғана беріп келді". Нұржігітов маңызды мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 12 мая 2025 12:35 255

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Жайық өзенінің суын бірлесіп пайдалану бойынша Ресеймен арадағы келісімдердің барысына тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, 2023 жылдан бері трансшекаралық өзендерге қатысты 80-нен астам кездесу өткізілсе, соның 22-сі ресейлік тараппен жүргізілген. Су бөлісу мәселелері алғаш рет 2016 жылы бекітілген арнайы келісімшарт аясында қарастырылған. Бұл құжат Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ресейдің тиісті органдары арасында жасалған.

"2019 және 2024 жылдары сол келісімнің мерзімін ұзарттық. Алайда 18 тармақтан тұратын құжат тек экологиялық мәселелерді ғана қамтиды. Биыл, яғни 2024 жылдың желтоқсан айында бұл келісім тағы бес жылға ұзартылды", — деді Нұржігітов депутаттардың сауалына жауап бере отырып.

Министр атап өткендей, кей жылдары Ресей Қазақстанға тиесілі судың тек жартысын ғана берген. Мәселен, 2019 жылы Жайықтан келетін су көлемі ең төмен деңгейде тіркелген.

"Жалпы келісім бойынша жыл сайын кемінде 7,8 миллиард текше метр су алуымыз қажет. Алайда 2019 жылы небәрі 3,5 миллиард текше метр ғана су берілді. Осыған байланысты мемлекет басшылары арнайы тапсырма беріп, Жайық өзенін тиімді басқару мақсатында жол картасы әзірленді", — деді министр.

Жол картасы аясында Жайықтың бойындағы су қоймалары мен бөгеттерді түгендеп, техникалық жағдайын тексеру жұмыстары жүргізілмек. Бұл құжаттың да мерзімі жақында ұзартылған.


Рекомендовать
Последние новости