Шығыс Қазақстан облысындағы Глубокое ауылының тұрғыны уәкілетті органның радиациялық қаупі жоғары аймақта тұрғылықты жері туралы куәлік беруден бас тартқаны үшін сотқа шағымданған. Бас тартуға растайтын құжаттардың жоқтығы уәж ретінде көрсетілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Заңына сәйкес, 1966 жылдан 1990 жылға дейінгі жерасты ядролық жарылыстар кезеңінде осы аумақтарда тұрған, жұмыс істеген немесе қызмет еткен (соның ішінде әскерге шақырылған) азаматтар ядролық сынақтардан зардап шеккендер болып танылады. Оларға жеңілдіктер мен өтемақылар алу құқығын растайтын тиісті куәліктер беріледі.
Шығыс Қазақстан облысының Глубокое аудандық соты істі қарай отырып, талап қоюшының 1990 жылдың сегіз айында Белоусовка ауылында тұруы туралы жеткілікті дәлелдемелер бар деген қорытындыға келді.
Бұл өңір радиациялық қаупі жоғары аймаққа жатады.
Дәлел ретінде мына құжаттар ұсынылды:
- туу туралы куәлік;
- талап қоюшының анасының Белоусовкада тұратынын растайтын азаматтық хал актілері жазбасы;
- балалар үйінің анықтамасы;
- талап қоюшының әпкесі мен ағасының туылғаннан бастап балалар үйіне қабылданғанға дейін аталған ауылда олармен және ата-анасымен бірге тұрғаны туралы айғақтары.
"Сот талап қоюды қанағаттандырып, талап қоюшының 1990 жылы сегіз ай бойы Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен аумақта тұру фактісін анықтады", деп хабарлайды ҚР Жоғары сотының баспасөз қызметі.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.