Құрманғазы ауданында мал белгісіз аурудан қырылуда

Dalanews 22 июл. 2016 02:46 955

Атырау облысында жаппай мал қырылып жатыр. Құрманғазы ауданында ауруға шалдыққан мүйізді ірі қараның саны күн өткен сайын артуда. Алайда, мамандар малдардың нақты қандай аурудан қырылып жатқандығын біле алмай отыр.  Астана мен Алматыдан арнайы келген мамандар қырылған малдан сынама алғандарымен, әзірге қорытындысы шықпағанын 31 арана хабарлады.  

Құрманғазы ауданында малдың қандай аурудан қырылып жатқандығын тұрғындар түсіне алмай әлек. Қорасындағы мүйізді малдың айдың-күннің аманында өліп жатқанынан шошынған аудан тұрғындары ауру сырттан келді деген болжам айтуда.

Тұрғындар аурудың Дағыстаннан шыққанын алға тартуда. Ал оның Атырауға қалай келгенін ешкім білмейді. Десе де нақты қандай ауру екендігін мамандардың өзі ажырата алмай жатыр.

Аудан басшысының сөзіне сенсек, Астана мен Алматы қаласынан келген мамандар белгісіз ауруға шалдыққан мүйізді ірі қарадан сынама алып кеткен. Алайда, әлі қорытынды шешім шығармапты. Сондақтан әкім аудан бойынша карантин жариялай алмай отырғанын алға тартты.

– Карантин малдың ауруының түрі анықталмайынша жарияланбайды. Біз шектеу жариялағымыз келіп отыр. Бірақ қолымызға сынманың нақты нәтижесі тиген жоқ. Бір аптаның көлемінде келеді деген. Күтудеміз, – дейді  аудан әкімі Бибоз Шаяхметов.

Малмен ғана күн көріп, қорадағы ірі қаралараның амандығын тілеген халық барынан айрылып қалмас үшін қымбат дәрілерді сатып алып, амалдауға мәжбүр. Өз кезегінде аудан басшысы да бюджеттен 1 миллион 930 мың теңге қаржы бөлініп, көршілес Батыс Қазақстан облысынан дәрі-дәрмек алдырып, белгісіз аурудың алдын алып отырғандарын растады.

Емі табылмай есінен танып өлген мүйізді ірі қаралардың өлекселері аудан сыртындағы арнайы орынға тасталып, өртелініп жатыр. Күні бүгінге дейін қырылған малдың саны қырыққа жеткен.

 

Асантемір Қаршығаұлы, Ғани Сағындықов

Рекомендовать
Последние новости