Құранды қастерлеген қақпашы

Dalanews 16 июн. 2017 04:14 1343

1957 жылы Астрахандағы (Ресей) балық комбинатының қарапайым жұмысшысы Файзрахман Сәлімұлы мен теңіз портында еңбек ететін Шафиха Хұсайынқызының отбасында дүниеге келген Ринат тегі етіп бабасының атын алған. Бабасының есімі Досай екен, айналасындағы орыс достары «Дасай» деп атапты. Ақыры Ринаттың құжатына да «Досаев» емес, «Дасаев» күйінде жазылып кетеді. Ұлтын «татар» деп жазады, дегенмен, кейбір деректер бойынша түп негізі ноғай болып шығуы да ғажап емес.

Футболмен тоғыз жасынан бастап айналысқан, қолына қолғап киіп қақпаға тұрған Ринат есейе келе Астраханның «Волгарь» командасына қабылданды. Ал 1975 жылы 18 жасында әйгілі бапкер Константин Бесковтың көзіне түсіп, Мәскеудің «Спартагына» ауысты. Үш жыл жастар командасында шеберлігін шыңдаған соң, бүкіл Кеңес Одағына әйгілі осы клуб сапында он бір жыл бойы (1978-1988) өнер көрсетті. Осы уақыт ішінде Ринат КСРО чемпионатында 335 ойын ойнаған, екі рет ел чемпионы атанған (1979 және 1987), бір рет Одақтың үздік қақпашысы бол­ған (1982). Сосын үш жыл «Се­вильяда» (Испания) ойнады.

Ринат Дасаев 1980 жылдан 1990 жылға дейін КСРО құра­масының да 1-нөмірлі жейдесін он жыл бойы ешкімге берген жоқ. Жалпы, ұлттық құрама қақпасын ол 91 рет қорғап, 70 гол жіберген. Өткен ғасырдың 80-жылда­рының екінші жартысында «КСРО футбол құрамасы» десе, жанкүйерлер «9 украин мен 2 татарин» деп әзілдейтін. Ішінара грузин, беларусь, орыс футболшылары да шақырылғанымен, ол уақыттағы негізгі құрам шынында да солай еді. Мысал үшін 1988 жылғы Еуропа чемпионаты ойындарындағы негізгі құрамды алсақ, қақпада Дасаев тұрды, қорғаныста – тағы бір татар Вагиз Хидиятуллин жүрді, қалған жігіттердің бәрі де (Анатолий Демьяненко, Владимир Бессонов, Олег Кузнецов, Василий Рац, Геннадий Литовченко, Алексей Михайличенко, Александр Заваров, Олег Протасов, Игорь Беланов) – Киевтің «Динамосынан» болатын.

Сол 1988 жылы Р.Дасаев әлемнің үздік қақпашысы атанды. Ол – үш әлем чемпионатына қатысқан КСРО тарихындағы 4 футболшының бірі (қалған үшеуі – Лев Яшин, Бессонов, Демьяненко). Мәскеу Олимпиадасының (1980) қола жүлдегері. «Франс футбол» (Франция) журналының Еуропаның үздік футболшысын анықтайтын «Алтын доп» жүлдесінің тізіміне Ринат Дасаев қатарынан 7 рет енді: 1982 (6-орын), 1983 (6-орын), 1984 (22-орын), 1985 (9-орын), 1986 (16-орын), 1987 (21-орын) және 1988 (13-орын).

Бұл – бұған дейін иісі мұсылман баласы, түркі жұртының өкілі жетіп көрмеген жетістік еді. «Алтын допты» ақыры мұсылман футболшысы алды (1998 жылы, Зинедин Зидан), бірақ соған дейін ол марапатқа сәл де болсын жақындаған спортшы – Дасаев еді.

Ринат жасыл алаңға шығарда әрдайым шағын қолсөмкесіне қосалқы запас қолғаптарымен бірге Құран кітабын жасырын салып алатын болған. Сөйтіп, қақпаның бұрышына қойып қойған. Кеңес заманында, атеизмнің дәуірлеп тұрған уақытында мұндай қадамға барудың оңай болмағаны анық…

Р.Дасаев қазір Мәскеудің «Спартагының» қосалқы құрамын жаттықтырады. Баяғы Алматыға келіп жүріп тапқан алғашқы жары, жерлесіміз, гимнастшы Нелли Гааспен ажырасып, испан қызы Мария дель Мармен көңіл қосқан. Бірінші әйелінен екі қызы (Эльмира мен Кристина), қазіргі жарынан екі қыз (Беатрис пен Әлия), бір ұлы (Сәлім) бар.

 

Сәкен Сыбанбай

 

Дереккөзі: "Алматы ақшамы" газеті

 

 

https://dalanews.kz/17278

Рекомендовать
Последние новости