Құл-Мұхаммед

Dalanews 15 мая 2016 01:39 1705

Мемлекет басшысы «Жер туралы» заңға енгізілген төрт нормаға мораторий жариялағаннан кейін Үкіметте біршама ауыс-түйістер орын алды. Солардың арасында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Мұхтар Құл-Мұхаммедтің тағайындалғаны назарымызды аударды. Өткен жылғы Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды штабын басқарып, өзіне тапсырылған істің тігісін жатқыза орындағаннан кейін ел ішінде Мұхтар Абрарұлы Мемлекеттік хатшы, болмаса Алматы қаласының әкімі болады деген әңгіме желдей ескен-ді. Тіпті, кейбіреулер оны «Нұр Отанды» басқаратынын да айтқан еді. Бірақ Құл-Мұхамед мырза сайлаудан кейін бірден қызметке тағайындала қойған жоқ. Егер жерге қатысты мәселе ушықпағанда Мұхтар мырзаны биіктің биік мінбесінен көре алмас па едік. Кім білсін?

 

Партиялар жұмысы

Жалпы, халыққа жақын, қазақтілді Құл-Мұхаммед сынды саясаткерлер билікте саусақпен санарлық. Сондықтан халық оның басқан қадамын ұдайы назарда ұстайды. Билік те мұны жақсы түсінеді. Сондықтан Мұхаңдай кадрларды Президент Астанадан алысқа ұзатпайды. Қазіргідей алмағайып кезеңде билік партиясының халық арасындағы беделін күшейту үшін Президент Мұхтар Абрарұлын әдейі таңдаған сыңайлы.

muhtar012

Қазақ тілін жетік білетін Мұхаңдай билікке қай уақытта болса да қажет. Мұндай азаматтар билік пен халық арасындағы алтын көпір міндетін атқаратыны сөзсіз. Енді билік партиясының тізгін-шылбырын қолға алған Мұхаң «Нұр Отанды» халықшыл партияға айналдыруға бар күш-жігерін жұмсары хақ.

Бүгінде «Нұр Отан» халық мүддесіне жұмыс істейтін барлық мүмкіндікке ие жетекші саяси ұйымға айналып үлгерді. Қанша жерден сын айтсақ та, елімізде жыл он екі ай жұмыс істейтін жалғыз партияның жұмысы халықтың көз алдында. Сайлау науқаны қарсаңында құрылып, содан кейін су түбіне кететін өзге саяси ұйымдарға қарағанда қазір «Нұр Отан» халық арасында танымал. Халық қалған саяси партиялардың бар-жоғын білмейді. Сондықтан болса керек, көпшілік мұң-мұқтажын, өкпе-ренішін «Нұр Отанның»  кеңсесінің алдына келіп айтуға құмар.

Еліміздегі оппозициялық күштер саяси билікке ие болу үшін күреседі. Ал халықтың сеніміне ие болуға ешқашан ұмтылған емес. Сондықтан болса керек, олардың ұдайы жолы болмай келеді. Егер өздерін оппозициялық күш санайтын саяси ұйымдар сайлаудан кейін ұзақ ұйқыға кетпей, жыл бойы халықпен жұмыс істесе қандайда бір нәтижеге қол жеткізер еді.

Ал оппозиция серкелері өздерінің саяси мақсаттарына жету үшін қаржысын қимайды. Олардың ой-пайымын әлдебіреулер қаржыландыру керек. Біздің саяси күштер идеяға емес, қаржы табу үшін ғана жұмыс істей ме деп қаласың. Сондықтан кей жағдайда еліміздегі Жармахан Тұяқбай басқаратын ЖСДП қызмет көрсететін мекемеге ұқсап кететінін жасырып қайтеміз. Осының арқасында «Нұр Отан» партиясы халыққа кеңінен таныла түсті. Ал Мұхтар Құл-Мұхамед билік партиясын басшылыққа келгеннен кейін саяси ұйымының бұл бағыттағы жұмысы тіпті жандана түсуі мүмкін.

Мұхтар Құл-Мұхаммедтің саяси ұйымның жұмысын ұршықша үйіріп алып кететін іс-тәжірибесі жетеді. Өйткені, ол – 2001-2003 жылдары Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім,  2008-2010 жылдары Мәдениет және ақпарат министрі қызметін абыроймен атқарған нағыз идеолог десек болады. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының жетекшісі алдағы уақытта идеология саласында қамшы салдырмай жұмыс істейтініне бәс тігуге болады.

 

Еңбектің зейнетін көру

Өткенге көз салсақ, Мұхтар Абрарұлы билік басына қандайда саяси-қаржылық топтардың ықпалымен келмегенін байқаймыз. Оның саяси карьера жасауына қолындағы қаламы мен халықтың оған деген ықыласы айрықша әсер етті.

Muhtar Kul-Muhamed (1)Құл-Мұхаммед бірінші кезекте көпшілік ортаға қалымы қарымды журналист ретінде танылды. Айтпақшы, журналист-баспагерлік мамандығы бойынша қазақтілді журналистердің арасында бірінші болып бизнестің биік шыңын бағындырған азамат екенін де айрықша атап өтуіміз керек.

90-жылдары көптеген адамдар Кеңес заманында жұмыс істеп тұрған мекемелерді жекешелендіріп, істің көзін таба алмаған соң, онда тұрған станоктарды темір-терсекке өткізіп жібергенін бәріміз білеміз. Ал жұмысты ұйымдастырудың жолын білетін азаматтар кәсіпорындарға жан бітіріп, нарықтық қоғамға икемделіп жұмыс істеді. Осы тұрғыда алғанда Мұхтар Абрарұлын іскер жандардың қатарына да жатқызуға болады. Қазіргі таңда ол құрған «Атамұра» корпорациясы баспагерлік салада табысты жұмыс істеп, ел дамуына өз үлесін қосуда.

Жалпы, үлкен саясатпен айналысуға ниеттенген адам ісімен мемлекеттік қоғамдық-саяси өміріне инвестиция салуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Мұхтар мырзаны жолы болған саясаткерлердің қатарына жатқызуға болады. Бүгінде халықтың назарын өзіне аударуға ниеттенген саясаткерлер қазақтың төл өнері – айтысты ұйымдастырып, жұртшылықтың көзіне түсуге тырысады.

Айтыстың арқасында танымал болған қоғам қайраткерлерінің басында Мұхтар Абрарұлы тұрғанын бәріміз білеміз. Ол 90-жылдардың соңында Ұлы Отан соғысы батыры Бақтыораз Бейсекбаевтың ерлігін насихаттап, ұйымдастырған айтысын көпшілік қауым жата-жастана көрді. Бүгінде айтыстың майталмандары Аманжол Әлтаев, Бекарыс Шойбеков, Мұхамеджан Тазабеков сынды ұшқыр ақындардың халыққа кеңінен танылуына Мұхтар Құл-Мұхаммедтің үлесі зор болғанын мойындауымыз керек.

Ол айтыс өнеріне жасаған қамқорлығын еліміздің қоғамдық-саяси өміріне салған инвестициясы деп айтуға толық болады. Бұдан кейін айтыстың қамқоршысы болған Амангелді Ермегияев те қоғамдық өмірімізде орасан зор танымалдыққа ие болды.  Соңғы кездері «Нұр Отан» партиясының да айтысты ұйымдастырушылардың қатарына қосылуынан көп жайтты аңғаруға болады.

 

Ақпарат саласының алыбы

Muhtar Kul-Muhamed (5)Белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтан кейін Мұхтар Құл-Мұхаммед ақпарат саласын басқарғанда біраз адам оны Сәрсенбаевтың көлеңкесінде қалып кетеді деп ойлаған-ды. Бірақ жағдай олардың ойлағанындай өрбімеді. Керісінше, таза ақпарат саласында жұмыс істеуде Мұхтар Алтынбек атқармаған көптеген істі батыл түрде жүзеге асырғанына куә болдық.

Ол ақпарат саласына басшы болып келгенде еліміздегі телеарна мен радио біткеннің бәрі орысша хабар тарататын. Кейбір тәуелсіз телеарналарды қоссаңыз, өзімізді Ресейде жүргендей сезінуші едіңіз.

Телеарналар қазақ тілін төріне шығармақ түгілі босағасынан да сығалатпайтын. Мұхтар Абрарұлы осы сіресіп қалған жүйеге алғаш рет қозғау салған министр. Бұдан басқа қазақ журналистерінің еңбекақысының орыстілді әріптестерімен теңесуіне де ықпал еткенін айтуға тиіспіз. Жазушыларға қаламақы төлеу мәселесі дәл Құл-Мұхамедтің кезінде қолға алынғанын ұмытпауымыз керек. Осылайша қазақ қаламгерлерінің еңсе тіктеуіне оның қолға алған ісі барынша ықпал етті.

Әр саланың жұмысы өрге басуы үшін бірінші кезекте сол саланың жұмысын реттейтін заңнама қажет. 2009 жылы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамед «БАҚ туралы» заңға біраз өзгерістер енгізіп, журналистер қауымның құлашын жазып, жұмыс істеуіне жол ашқанын да айтпайқа болмайды.

Жаңа заң журналистердің қандайда бір адамнан сұхбат алғанда оның рұқсатсыз жазба құралдарын пайдалануына жол ашты.

Ең бастысы тек қана орыс тілінде хабар таратып келген телеарналарды тәубесіне түсіріп, қазақ тілінде хабарлардың көлемі 50 пайыздан кем болмауы керектігін талап еткен Мұхтар Құл-Мұхаммедтің табандылығын ешқашан ұмытуға болмайды.

Телеарналардағы қазақтілді бағдарламалардың сапасы мен санының артуына осы жайт айрықша ықпал еткені сөзсіз. Егер заңға мұндай талап енгізілмегенде әлі күнге дейін хабар-ошарды орыс тілінде көріп отырар ма едік. Кім білсін?

Бұл заң қазақ әншілерінің жарқырай көрінуіне де жол ашты. Заңға өзгеріс енбей тұрғанда қазақ әншілерін тыңдау үшін түннің ауғанын күтші едік. Ал қазір ол заман келмеске кеткен. Осы заңның арқасында шоу-бизнес көз ілеспес жылдамдықпен дамып, өзінің шырқау биігіне көтерілді.

Бұдан басқа бұқаралық ақпарат құралдарын басшылық құрамы немесе пошталық адресі өзгерген сайын мемлекеттік қайта тіркеуден өтуге міндеттейтін тәртіп жойылып, ақпарат құралдары көсіліп жұмыс істейтін дәрежеге жетті. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұлттық журналистиканың өрісін кеңейтуде Мұхтар Құл-Мұхаммедке жететіндей министр болмады.

 

Әкімдік қызметтің айшықтары

Muhtar Kul-Muhamed (2)Мұхаң Қызылорда облысына әкім болғанда да шаруашылықтың жайын жете түсініп, облыстың өркендеуіне өз үлесін қосты. «Сырдария» сериясы бойынша Сыр бойында туған ақын-жазушылардың 200 томдық жинаған шығару ісіне бастамашы болғаны да жадымызда жаңғырып тұр.

Осылайша ол мәдени-рухани саланы қолдайтын әкімдердің қатарынан. Айтпақшы, ол әкім болғанда өзінің ойын бүкпесіз батыл айтатын әкім ретінде де танылғанын айта кетуіміз керек.

Оңтүстік өңірде «Көксарай» су қоймасы салынған кезде Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед бұған қатысты өзінің пікірін ашық айтып, біраз жұртқа жақпай қалғаны да есімізде. Осыдан кейін Мұхтар Құл-Мұхаммед Астанаға қайтып, саясат сахнасынан біразға дейін көрінбей кетті.

Оның Мемлекет басшысы өзі қолдау білдірген жобаға қарсы уәжін айтқанынан бойындағы табандылықты аңғарғандай болдық. Бұл пікірді ол облыстың экономикалық мүддесін ойлай отырып айтқаны даусыз. Сондықтан Құл-Мұхамедтің бұл ойына Президент те түсіністікпен қарағанын байқаймыз. Елбасы бүгінде үлкен саяси күшке айналған «Нұр Отан» партиясына Мұхтар Құл-Мұхаммедті тағайындағанда оның осындай табандылығын басшылыққа  алған болуы керек. Осы жайттарды сараптай келе, біздер бұл тағайындаудан биліктің қоғамдық-саяси өмірімізде үлкен трансформацияға қадам басқанын аңғарғандай болдық.

Жарбол КЕНТҰЛЫ 

 


Рекомендовать
Последние новости