"Құдай сақтасын". Депутат Ардақ Назаров АЭС құрылысы туралы ойын айтты

Көркем Алдабергенова 02 окт. 2024 14:54 3993

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Қазақстанда АЭС-тің салынуына қатысты ойын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Назаров АЭС-тің салынуына мамандар жақсы баға беріп отырғанын айтады.

«Соған байланысты болады, Құдай қаласа. Дамыған мемлекет ретінде болашақта бәрібір керек болады», - дейді Назаров кулуарда «Ұлысмедиа» тілшісіне берген жауабында.

Депутат референдумда қалай дауыс беретінін айтты.

«Иә» деп жауап беремін. Қолдаймын. Пікір әр кезде айтылады. Пышақтың екі тұсы секілді, дұрыс не бұрыс пікір болады. Ғалымдардың көбі қолдап жатыр, кейбіреуі қарсы шығып жатыр. Бәрібір ерте ме, кеш пе - біз бұған келеміз.  Себебі  мұнай да, көмір де бітеді», - дейді депутат.

Назаров АЭС-ті Ресей салуы мүмкін деген пікірге қатысты ойын айтты.

«Ол жерде саяси шешімдер қабылданады. Уайымдауға болмайды. Апаттық жағдай кез келген нәрседе болады. Құдай сақтасын. Менің ойым – жақсы жағынан болса екен, елімізге пайдалы болса екен деймін», - дейді  Ардақ Назаров.

Бұған дейін АЭС-ке байланысты өнер иелері жаппай пікір білдіре бастаған болатын.

Олардың басым көпшілігі әлемжеліде атом электр станциясының құрылысына қатысты азаматтық ұстанымдарын білдіруде.

Мәселен, бұған дейін Қайрат Нұртас Шымкент қалалық штабында АЭС салуды қолдайтынын жеткізіп, халыққа үндеу жасаған еді. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жарияланған жалпыхалықтық референдумды маңызды қадам ретінде қарастыратынын және 6 қазан күні өтетін референдумда белсенді түрде қатысатынын мәлімдеді.

Ал әнші Меруерт Түсіпбаева АЭС құрылысына қарсы екенін атап өтті. Оның айтуынша, АЭС тек экологиялық қауіп қана емес, болашақ ұрпақтың денсаулығына да үлкен зиян әкелуі мүмкін.

“Мен болашақ ұрпақтың, балаларының денсаулығына алаңдайтын әрбір азаматтың бұл мәселеге бей-жай қарамауы тиіс деп ойлаймын”, – деді ол.

Сонымен қатар белгілі өнер иелері Құдайберген Бекіш пен Жеңіс Ысқақова да осы мәселе төңірегінде жеке көзқарасын білдіруде тартынып қалмады.

“АЭС Қазақстанға не үшін керек? Оны салуға не үшін құмартып отыр? Мұның астарына әлі бойлап көрмедім. Сондықтан керек немесе керек емес деп кесіп-пішіп  айта алмаймын. Дегенмен, 1986 жылы Украинадағы Чернобль апаты адамзат санасынан әлі өше қоймады. Чернобыльде болған жақындарым апат салдарынан онкологиялық ауруға шалдықты.

Осы ретте бұл бір ғана биліктің емес, бүкіл халықтың талқысына сүйене отырып шешетін мәселе. Егер ақыры салуға оқталса, дамыған әрі тәжірибесі мол Жапонияның мамандарына сенім артқан жөн деп санаймын. Себебі, жапондықтар Семей полигонын өткерген бізбен тағдырлас халық болғандықтан, мұның қыр-сырын жақсы біледі деп ойлаймын”, - деп жауап берді Құдайберген Бекіш Nege.kz порталы жолдаған сауалға.

Жеңіс Ысқақова да әріптесінің сөзін қостай кетті. Оның айтуынша, АЭС құрылысынан келіп-кетер пайда жоқ.

“Бәзбіреулер АЭС басқа мемлекеттерде бір емес, екеуден бар дегенді айтып жатыр екен. Біз бұған дейін де АЭС-сіз де өмір сүріп келген елміз ғой. АЭС болмағандықтан осындай таршылықта күн кешіп жатпаған шығармыз. Екіншіден, оны салу үшін қыруар қаржы кетеді. Сол ақшаны өзге мәселелерді оңтайлы шешуге неге салмасқа?! Мәселен, жұрттың алатын айлығы инфляцияның салдарынан жұмырға жұғымсыз болып жатыр. Бұл әлбетте көптеген отбасының тұрмыстық жағдайы әлсіреп, “шықпа, жаным, шықпамен” отыруына әкелді. Білімді әрі сау ұрпақ қалыптастыру жолында ұстаздар мен дәрігерлердің жалақысын неге көтермеске?!”, - дейді өнер иесі Nege.kz порталына берген сұқбатында.

Осы тұста әнші бұл шешім халықтың көңіліне күдік ұялататынын алға тартты.


Рекомендовать
Последние новости