Қостанайдағы Allur зауытында Chevrolet Оnix өндірісі іске қосылды

Жарбол Кентұлы 15 мар. 2024 09:04 13219

Қостанай қаласындағы Allur зауытында Chevrolet Оnix автокөліктерін ұсақ тораптық өндірісі (CKD) іске қосылды. Ресми стартқа ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев пен General Motors және UzAuto компанияларының топ-менеджерлері қатысты.

Жылына 30 мың автокөлік өндіретін кәсіпорында 400 жаңа жоғары білікті жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Осы ретте жобаға 33,7 млрд теңге жұмсалғанын айта кетуіміз керек.

2022 жылы General Motors компаниясымен Қазақстанда Chevrolet CKD-өндірісін ұйымдастыру туралы келісімге қол қойылғаны есімізде. Ал 2022 жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев телекөпір арқылы жобаны іске қосуға пәрмен берген болатын.

Шара кезінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев машина жасау Қазақстан үшін экономиканың стратегиялық маңызды бағыты болып табылатынын, ал әлемдік жетекші өндірушімен өнеркәсіптік кооперация құру елдің қарқынды дамып келе жатқан автокөлік саласына серпін беретінін атап өтті. 

– Бүгін бүкіл Қазақстан өндірісі үшін өте маңызды күн! Мен Allur зауытының қызметкерлеріне жеке алғыс айтқым келеді. Бүгін сіздердің қолдарыңызбен Қазақстанның индустриялық болашағы құрылуда. Біз үшін және General Motors әріптестері үшін өндірістің одан әрі өсуі және локализацияны тереңдету өте маңызды, – деді Қанат Шарлапаев.

Жобаны іске асыру үшін технологиялық шешімдер мен өнеркәсіптік жабдықтардың жетекші жеткізушілері тартылды. CKD Оnix жаңа өндірістік кешені Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азия елдері үшін де бірегей. Жобаның іске қосылуымен Allur зауыты Қазақстанның автокөлік индустриясының ең автоматтандырылған кәсіпорны мәртебесін бекітті.

Chevrolet Оnix өндірісінде General Motors сапа стандарттарына сәйкес келетін жоғары сапалы және жоғары дәлдіктегі лазерлік тігісті қамтамасыз ететін роботтандырылған лазерлік дәнекерлеу технологиясы қолданылады.

Қазіргі уақытта заманауи роботтандырылған жабдықты қолдану арқылы процестерді автоматтандырудың жоғары деңгейіне ие пластикті бояу цехының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, еліміздегі алғашқы автокомпоненттер өндіретін Локализациялық орталықтың құрылысы бойынша жұмыстар қарқынды жүруде.

– Біздің кооперациялық ынтымақтастық аясында үнемі өсу мен кеңеюдің жолдарын іздейміз. UzAuto, Allur және GM инвестициялары мен күш-жігерінің арқасында Қостанайда Chevrolet Onix CKD-өндірісінің басталуына қол жеткіздік.

Біз жылына 50 мың автокөлік өндірісінің өсуіне қол жеткіздік. Қазір Қазақстан әлемдегі Chevrolet нарығының көлемі бойынша жетінші орында тұр. Бұл біздің табысты серіктестігіміздің дәлелі, – деді General Motors International Президенті Шилпан Амин.

General Motors компаниясының атқарушы вице-президенті және жаһандық нарықтардың Президенті Рори Харви өз кезегінде өнеркәсіптік кооперация қатысушыларына Қазақстандағы Chevrolet бренді автокөліктерінің қажырлы еңбегі мен сапалы өндірісі үшін алғысын білдірді. 

Өткен жылы Allur инженерлері General Motors зауыттарында 8 ай бойы біліктіліктерін шығдаған болатын. Кадрларды даярлау жөніндегі іс-шаралар кешені өндірістік процестердің негізгі бағыттарын қамтиды. Қазіргі уақытта Allur қызметкерлері оқытудың барлық кезеңдерінен өтіп, көліктің жаңа модельін шығару біліктілігіне ие болған.

Allur зауытының операциялық директоры Виталий Христ жаңа жоба бүкіл аймақтың дамуына оң әсер ететінін алға тартты. Айтқандай, Chevrolet Оnix ұсақ тораптық өндірісінің іске қосылуымен бірге Allur әлемдік автоөндірушілердің баға жетпес тәжірибесі мен үздік технологияларына ие болды. Бұл зауытқа Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорындардың бірі мәртебесін алуға мүмкіндік береді.

– Өткен жылы біздің зауыттың конвейерлерінен 90 мыңнан астам автокөлік шықты. Бұл отандық автокөлік жасау үшін рекордтық көрсеткіш болып табылады. Chevrolet Оnix жобасының іске қосылуы мультипликативті әсер ететіні сөзсіз. Өйткені машина жасауда бір жұмыс орнын құру аралас салаларда бес-алты жұмыс орнының пайда болуына әкеледі, – деп атап өтті Виталий Христ.


Рекомендовать
Последние новости