Қостанайда халықаралық дуальды оқыту орталығы құрылады

Қаракөз Амантай 13 дек. 2024 11:39 1020

9-10 желтоқсан күндері Қостанайдағы Allur автозауытына Эрфурт білім беру орталығының (EBZ) бас директоры Франк Белькнер бастаған делегация келді. Неміс делегациясының мақсаты – Қазақстандағы дуальды оқыту жүйесімен, сондай-ақ өңірдегі білім беру және өнеркәсіптік ұйымдардың жұмысымен танысу болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл сапар наурыз айында Германияның Эрфурт қаласында Allur автозаводы мен Эрфурт білім беру орталығы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды. Аталған келісім — 16 қыркүйекте Астанада Қазақстан мен Германия басшыларының қатысуымен өткен бизнес-форумда қол қойылған Халықаралық дуальды оқыту орталығын құру туралы келісімді жүзеге асырудың бір бөлігі.

“Шетелдік серіктестермен кездесу білім мен өндірісті ықпалдастырудың маңызын көрсетеді. Бұл білікті мамандарды даярлап, Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын нығайтуға үлес қосады. Біздің кәсіпорын үшін басты басымдық – мамандардың техникалық шешімдерді тиімді табуына мүмкіндік беретін құзыреттерін дамыту”, – деді Allur зауытының операциялық директоры Виталий Христ.

Сапар бағдарламасы аясында делегация Қостанай автомобиль көлігі колледжіне де барып, студенттердің қолданбалы дағдыларды меңгеретін оқу үдерісі, шеберханалар мен зертханалармен танысты.

Бағдарламаның негізгі бөлігі болашақ орталықтың мәртебесі, оның жұмыс бағыттары мен серіктестік келісімдерді іске асыру шарттары туралы пікірталас болды. Қатысушылар дуальды білім беруді дамыту бойынша негізгі мәселелерді талқылады.  “Атамекен” ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Ләззат Шонаева дуальды білім беру жүйесін бизнес-қоғамдастықтың қолдау қажеттігін атап өтті. Ол мысал ретінде Allur автокомпаниясын келтіріп, компанияның басты ұстанымдарының бірі – адами ресурстарды дамыту екенін айтты.

Allur University басшысы Людмила Олкинян белсенді серіктестік орнатуға бастама көтергенін айтып, Халықаралық дуальды оқыту орталығының мақсаты туралы баяндады. Оның ашылуы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтары жылы”деп жариялау туралы Жолдауындағы бастамаларын жүзеге асырудың маңызды кезеңі болды.

“Орталықта студенттер заманауи білім мен дағдыларды халықаралық стандарттарға сай меңгере алады. Бұл болашақта автомобиль жасау және басқа да өнеркәсіп салаларында табысты мансап құру үшін қажет. Алдағы уақытта Allur University командасы мен шетелдік серіктестер бірігіп, инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеуді жалғастырады. Нәтижесінде дуальды білім беру жүйесі аясында сұранысқа ие мамандарды дайындау деңгейі артып, жұмысшы мамандықтарының беделі нығаяды”, – деп атап өтті Людмила Олкинян.

Айта кетейік, Allur компаниясы — Kia, Chevrolet, JAC, Jetour, Hongqi және Skoda сияқты алты әлемдік брендтің ресми дистрибьюторы және дилері. 2024 жылы кәсіпорынның 5000 қызметкерінің кәсібилігінің арқасында 90 мыңнан астам автомобиль шығарылды.

Allur адами капиталды дамыту мен инженерлік кадрларды даярлауға бағытталған білім беру жобаларын белсенді жүзеге асырып келеді. 2021 жылдан бері компания Қостанай автомобиль көлігі колледжімен бірлесе жұмыс істеп, онда Құзыреттер орталығын ашты. Бұл орталықта студенттер диплом алғаннан кейін жұмыс барысында пайдаланатын заманауи жабдықтармен жұмыс істеуді үйренеді. Мұндай орталық елде алғаш рет құрылды.

Мұнда болашақ мамандарға бәсекеге қабілетті жалақы, мансап жолында өсу мүмкіндігі, толық әлеуметтік пакет, трансфер және тегін тамақ ұсынылады. Сонымен қатар зауыт жас қызметкерлерге арналған заманауи жатақхана салып жатыр. Бұл – жастар үшін қосымша артықшылық.


Рекомендовать
Последние новости