Қостанай облысында төрт жұмысшы қаза тапты

Қаракөз Амантай 07 окт. 2024 12:59 2595

Қостанай облысы Рудный қаласында диірменнің 4 жұмысшысы қайтыс болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 6 қазанда болған.
"112 пультіне Қостанай облысының Рудный қаласындағы тереңдігі 5 метр болатын бункерді тазарту жұмыстарын жүргізу барысында 4 адамның түсіп, қайта оралмағаны туралы хабарлама келіп түсті", - дейді ведомство.
Оқиға орнына ТЖД қызметкерлері, полиция және жедел медициналық көмектің қызметкерлері дереу жеткен.
"Құтқарушылар жұмысшылардың денелерін бункерден шығарып алды. Олар қайтыс болған. Оқиғаның мән-жайы анықталуда", - дейді төтенше жағдайлар департаменті.
Құтқарушылардың айтуынша, төртеуі де диірменде жұмыс істеген.
 
Еске салайық, бұған дейін Балқаш маңындағы Саяқ кен орнында үш кенші газдан уланып, нәтижесінде екі кенші қаза тапқаны туралы айтқан едік. 

Қайғылы оқиға 5 қазанда болған. 

"Қазақмыс" корпорациясы жағдайға түсініктеме берді. Айтуларынша, барлық жұмысшы жедел түрде эвакуацияланған.

"Зардап шеккендер жақын жердегі медициналық мекемелерге жеткізілді. Өкінішке қарай, екі жұмысшы қайтыс болды.

Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда, қайғылы жағдайды тексеру үшін арнайы комиссия құрылды.

"Қазақмыс" басшылығы мен ұжымы қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Марқұмдардың отбасыларына қажетті барлық көмек көрсетіледі", - "Қазақмыс" корпорациясы. 

Сонымен қатар Қарағанды облысында Қарқаралы ауданындағы дала өртін сөндіру барысында өрт сөндіруші қаза тапқан еді. 

ТЖМ мәліметінше, оқиға 6 қазанда болған. № 24 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы 1991 жылы туған Хали Хайрат көз жұмды. Сержант азаматтық қорғау органдарында 2014 жылдан бастап жұмыс істеген.

"Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Ведомствоның Апаттар медицинасы орталығының психологтары қайтыс болған қызметкердің туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетіп жатыр", - делінген министрлік таратқан ақпаратта.


Рекомендовать
Последние новости