Қос азаматтық? Ішкі істер министрлігі Тоқаев тапсырған мәселеге бей-жай қарауда

Dalanews 03 нояб. 2022 13:31 965

Dalanews.kz Жамбыл облысының Қордай аудандық мәслихатының экс-депутаты Татьяна Подшибякина туралы бірнеше материал жариялады.

Негізгі әңгіме – Т.Подшибякинаның қос азаматтығының бар-жоғын анықтау болатын.  Осы мәселені зерттеу үшін бірнеше мекемеге арнап хат та жаздық.

Оның ішінде ҚР ішкі істер министрлігі, ҚР көші-қон полициясы, Қордай аудандық прокуратурасы, Қордай аудандық мәслихаты сияқты бірқатар мемлекеттік мекемелер бар.

Алайда біз көтерген мәселе бойынша, келген жауап хаттың бәрінің мәтіні бірдей.

Яғни, Татьяна Подшибякина Қордай аудандық мәслихатының 3 және 4 шақырылымының депутаты болып 2003-2012 жылдары арасында сайланған көрінеді. Одан бергі жылдары ол ешқандай мемлекеттік лауазымды қызметтерде болмаған.

Біз сұрау салған Т.Подшибякинада Ресей азаматтығының бар-жоғы туралы ақпаратқа келгенде, хат жазған құзырлы мекемелердің бәрі жұмған ауыздарын ашпайды. Ондай ақпарат біреудің жеке басының құпиясы көрінеді.


Немесе ондай ақпарат жоқ деген ғана қысқа-нұсқа жауап береді.

Жауап хаттарға көңіліміз толмағаннан кейін, біз бұл тақырыпты одан ары терең зерттеуді қолға алдық.

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында:

«Қазақстан қос азаматтыққа тыйым салған елдердің үлкен тобына жатады. Тиісті норма біздің Конституциямызда бар. Мұндай фактілерді тоқтату керек.

Өткен жылы мен өз Жолдауымда мемлекеттік қызметшілерді, квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларын олардың қос азаматтығы анықталған жағдайда жұмыстан босатуды тапсырдым.


Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен атқарылған жұмыстың нәтижелері туралы баяндауды сұраймын. Шамасы, мұндай бұзушылықтар үшін жауапкершілікті одан әрі күшейту қажет», - деген болатын.

Демек, Подшибякина ханымда қос азаматтық бар болса, онда ол шындықты жасырып Конституцияға томпақ әрекетке барып отыр деген сөз.



Ал оның қос азаматтығын біле тұра, біреудің жеке ісі, өзінің рұқсатымен ғана жариялаймыз деген сияқты сырғытпа жауаппен құтылғысы келген құзырлы мекемелердің уәжі – орынсыз. Яғни олар да заңға томпақ жұмыс істеп отыр деп түсінуге тура келеді.

Біз хат жазған мекемелерден Подшибякинаға қатысты жеке басының құпиясын анықтауды сұраған жоқпыз. Қос азаматтық біреудің жеке басының құпиясы емес.

Бұл Мемлекет басшысы айтқандай, ұлттық қауіпсіздікке қатысты шаруа. Сондықтан, оны жасыру немесе өзінің еркімен ғана жариялаймыз деу – мемлекеттік құпияға қарсы жұмыс болар еді.

Айтпақшы

Татьяна Подшибякинаның иелігіне «Сапа Қордай» ЖШС, «Қордай Жанармай», «Жаңа Қордай», «Мерей Қордай» сауда сарайы, «Мелет плюс» пен «Виктория плюс» сияқты бизнес нысандары кіретінін айта кетейік.


Бұл қосымша ақпараттар Подшибякинаның оңай шағылатын жаңғақ емес екенін көрсетсе керек!

Ресми органдардың берген деректеріне сенсек, 2019 жылы 15,5 мың адам Қазақстан азаматтығынан айырылған. Оның басым көбі – ресейліктер. Олардың 550-і ғана қылмыстық жауапқа тартылыпты. 102 азамат елден шығарылған. Қалған азаматтар туралы ақпарат жоқ. Мүмкін, Подшибякина сияқты «жолы болып» жүргендер әлі де көп болуы мүмкін.

Қос азаматтық туралы мәселе бұрынғыдан да өзекті болу керек. Ресейдегі ішінара жүргізілген мобилизациядан кейін елімізге көрші елден бірнеше жүз мың адам келді. Оның қаншасына ЖСН берілді?  Бұл туралы бүгін-ертең толыққанды жауап болмайтыны анық.

Дегенмен, өз ішіміздегі азаматтардың жеке басына қажетті ақпаратты біліп отырсақ, қос азаматтықтың бар-жоғы анық болса, ұлттық қауіпсіздігімізге қауіпті болмас еді. Біз бұл тақырыпты соңына дейін зерттейтінімізді ескертеміз.

Бір қызығы, осы тақырыптың соңына түсіп, Подшибякина туралы ақпаратты іздегенімізге екі айдай уақыт болды.

Бірақ Татьяна туралы ресми мәлімет алу – мемлекеттік құпиядан да маңызды болып бара жатқандай. Біз хат жазып сұрау салған мекемелердің экс-депутатты не үшін шыр-пыр болып қорғап отырғанын түсінбедік?

Мұның астарында қандай құпия, қандай сыр жатыр? Ресми мекемелер «Мәліметті Т.Подшибякинаның өз рұқсатымен ғана береміз» немесе «Бұл оның жеке басының құпиясы» деп қашқақтаған сайын, тақырып бізді қызықтырып барады.

Жарас ШӨКЕ        


Рекомендовать
Последние новости