Қорғаныс министрі Жақсылықовқа көңілім толмайды - әскери сарапшы

Сағыныш Сардарова 11 июн. 2024 12:14 3121

Әскери сарапшы, отставкадағы полковник Ермек Сейітбатталов қорғаныс саласына түбегейлі өзгеріс керек екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сейітбатталов Қазақстандағы әскердің әлеуетіне, әуе қорғанысына қатысты пікір білдірді. Сарапшы бұл саланы ұйымдастыру өте әлсіз екен екенін айтты.

"Менің пайымдауымша, (әскердің әлеуеті - еск.) бүгінгі заманның талабына сай емес. Көп жерде айтып жүрмін, әскерге реформа керек. Өте кең, өте терең реформа керек. 32 жылда 13 министр (ауысты - еск.). 13 министрдің 30 пайызы - азамат. Олардың әскери дайындықтан, әскери білімнен хабары жоқ. Қалғаны, 9 министр де (бұл салаға - еск.) бейінді емес, олардың болған уақытына қарасаңыз, 32 жылдың ішінде алты жарым жыл ғана кәсіби, әскери министрлер болған. Оларға да сұрақтар бар. Сонда 20 пайызы ғана әскерилер болған. Бүгінгі заманда біздің қауіпсіздігімізді (олардан - еск.) дамыған елдердегі сияқты, дамып жатқан елдердегі сияқты сұрауға болмайды. Неге десеңіз олардың даярлығы, ұғымы жоқ. Олар ондай жауап бере алмайды.

(Әуе қорғанысы - еск.) бүгінгі талапқа сай келмейді . Сан емес, сапа емес, ұйымдастыру жағы өте ақсап тұр. Кейбір мен білетін өте жақсы жігіттер бар. Бірақ олар жүйенің ішінде жүр, жеке тұлғалық көзқарасын көрсете алмайды. Кадрдан бастау керек. Кадрды қоятын - басшылық. Қорғаныс министрі, соның кабинетінде отыратын адам оны біледі. Елдің әскери қорғанысын, ұлттық қауіпсіздігін біліп отыратын, даярланған, білікті адам керек. Қазіргі қорғаныс министріне көңілім толмайды. Нақты айтпаймын. (Себебі - еск.) офицерлік кодекс", - деді ол Bilgen Durys арнасына берген сұхбатында. 

Айта кетейік, қазіргі қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов  2021 жылғы қыркүйектен 2022 жылы қаңтар аралығында Ішкі істер министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бас қолбасшысы қызметін атқарған.

Ал 2022 жылғы 19 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі лауазымына кірісті.


Рекомендовать
Последние новости