Қоқыс үйінділерін уақытылы тазартпаған әкімдер жауапкершілікке тартылады — министр

Қаракөз Амантай 21 янв. 2025 11:13 553

Экология және табиғи ресурстарды қорғау министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда қоқыс үйінділерін жою жұмыстарының тиімділігі артып келе жатқанын жеткізді. Айтуынша, өткен жылы 164 лауазымды тұлға 9,4 млн теңге көлемінде айыппұл төлеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің сөзінше, спутниктік технологиялар экология саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау мен жоюдың негізгі құралдарының біріне айналды. “Қазақстан Ғарыш Сапары” компаниясы берген мәліметтерге сүйене отырып, аумақтық экология департаменттері қоқыс үйінділерін тіркеп, жергілікті әкімдіктерге оларды жою туралы тапсырмалар береді. Әкімдіктер әрекетсіз қалған жағдайда, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Ерлан Нысанбаевтың деректері бойынша, 2024 жылы заң бұзған 164 лауазымды тұлға 9,4 млн теңге көлемінде айыппұл төлеген. Олардың қатарында аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары бар, 61 тұлғаға шара қолданылған.

“Соңғы жылдары қоқыс үйінділерінің саны айтарлықтай азайды. Егер 2018 жылы 8,7 мыңнан астам қоқыс орны анықталып, тек 57%-ы жойылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш шамамен 4,8 мыңға дейін қысқарып, оның 91%-ы жойылды”, — деді ол.

Экология министрлігінің мәлімдеуінше, бұл көрсеткіштер қоршаған ортаны қорғау шараларының тиімділігі артқанын көрсетеді.


Рекомендовать
Последние новости