Қоқыс та кәдеге жарайды

Dalanews 18 дек. 2014 22:53 825

Бұдан бірнеше жыл бұрын Үкімет елімізде 2015 жылға дейін қоқыс өңдейтін 9 зауыт салынады деп уәде берген болатын. Сол уақыттан бері мұндай зауыттың біреуі Астанада іске қосылғаны айтылғанымен өзге сегіз кәсіпорынның ашылғаны туралы ақпаратты көзіміз шалған жоқ. Айтпақшы Алматыда 38 млн. доллар мемлекет қаржысы жұмсалған дәл мұндай жоба ақыры сәтсіз аяқталды...

Мамандардың айтуынша қоқыс өңдейтін зауыттардың технологиялық циклі соншалықты ауыр емес. АҚШ, Франция, Германия, Жапония сынды мемлекеттер қоқыс қалдықтарынан шикізат алуды, яғни халыққа қажетті өнім өндіруді әлдеқашан жолға қойған.

Ал Жаңаөзен қаласындағы қоқыс өңдейтін зауыт дәл осы шетелдік тәжірибеге жүгінуді жөн көрген екен. Бұл тарапта біз кәсіпорын жұмысын өз көзімізбен көруге мүмкіндік алдық. Зауыт биылғы жылдың жазында іске қосылыпты. Құны 1,2 млрд.теңге. Ал осыдан бірнеше ай бұрын қайта өңдеуге жарамды қоқыс қалдықтарын қабылдай бастапты.
Зауыт директорының орынбасары Әділбек Сүйіндіковтың айтуынша кәсіпорын күніне 15  тонна қоқыс қабылдайды. Қоқысты зауыт жұмысшылары өз қолдарымен сұрыптайды екен. Шикізатқа жарамды – пластиктер, қалбырлар, пакет, ағаш, қағаз бөлек алынып қалады. Ал қалған қажетсіз өнім полиганға тасталады. Бұл күніне қабылданатын 15 тонна қоқыстың жартысынан астамын құрайды.

10801814_1012823992077891_3904887217324334358_n - копияЕң бастысы 80-нен аса жаңаөзендік тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын қоқыстан шикізат өндіруді жолға қойыпты. Зауыт жұмысшылары ілгерідегі пластик және қажетке жарамды өзге де қоқыс қалдықтарын арнайы құрылғыларда уатып, ұсақтап артынша құммен араластырып 480 градуста қайнатады.  Кейін оларды арнайы қалыпқа құйып үй, жол құрылысына қажетті (төбе жабындысы, бордюр, құдық қақпақтары, пластикалық құбырлар) материалдар жасап шығарады екен (суретте). Алайда зауыт күніне 40-50 тонна қалдық өңдейтін өзінің өндірістік қуатына әлі толық жеткен жоқ.  Дегенмен қазірдің өзінде кәсіпорынның өніміне бірқатар ресейлік құрылыс компаниялары қызығушылық танытып отырғанға ұқсайды. Мұны бір себебі өнімнің бағасы арзан. Айталық, төбе жабындыларының шаршы метрі 2 мың теңге. Ал зауыт жұмысшылары әне-міне құрылысы басталатын Бейнеу-Жаңаөзен-Түркменстан тас жолынан үлкен үміт күтіп отыр.

«Білсеңіздер, кәдімгі тұрмыстық пакеттер жер астында ерімей, шірімей 300 жыл бойы жатады. Ал бұдан қоршаған ортаға келетін зиян шаш-етектен. Біз мұндай қалдықтардың бәрін кәдеге жаратып жатырмыз. Болашақта күресінге лақтыра салған қағазды қайнатып, одан жаңа қағаз жасап шығаратын құрылғы сатып алу жоспарда бар» дейді Әділбек Сүйіндіков.

Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости