Қолданбалы ғылымды мемлекеттік қаржыландыру 476,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Ғылым бюджеті 9%-ға өсті, деп жазады Dalanews.kz.
"Қолданбалы ғылымды мемлекеттік қаржыландыру 2024-2026 жылдарға 476,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды,оның ішінде бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру – 211 млрд теңге, гранттық қаржыландыру – 198 млрд теңге, коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру – 67,9 млрд. теңге. Ғылыми зерттеулермен айналысатын ұйымдардың саны 425-ке дейін өсті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 11 бірлікке көп. Ғылыми қызметкерлер саны 25,4 мың адамға жетті (өткен жылға қарағанда +13%)", делінген үкімет сайтындағы талдауда.
Сондай-ақ талдауда Ұлттық ғылым академиясының институционалдық рөлі, ҚР ҰҒА бюджеттік қаржыландыру мәселелері қарастырылған.
"250 ғылыми ұйым Web of Science, Scopus және Wiley дерекқорларын пайдаланады. Биыл 2297 ғылыми жоба, 299 ғылыми-техникалық бағдарлама, 206 коммерцияландыру жобасы іске асырылып жатыр. Жас ғалымдар 1055 ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Мысалы, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғалымдары медицинада, электроникада және шыны өндірісінде кеңінен қолданылатын 99,5% тазалығы бар Селен химиялық элементін өндіру әдісін ойлап тапты", делінген хабарламада.
2024-2026 жылдарға көзделген ғылым бюджеті – 703,6 млрд теңгені құрады, бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 9%-ға артық. 2024 жылы республикалық бюджеттен (РБ 11-ші түзетуден кейін) ғылымды дамытуға 177,3 млрд теңге бөлінді, оның ішінде бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру – 66,2 млрд теңге, гранттық қаржыландыру – 75,2 млрд теңге, іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыру – 3,1 млрд теңге, коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру – 22,9 млрд теңге, базалық қаржыландыру – 9,9 млрд теңге болды.
2024 жылы ЖІӨ-дегі ҒЗТКЖ-ға ішкі шығындардың үлесі 121 млрд теңгеден 173 млрд теңгеге дейін өсті (ЖІӨ-нің 0,13%-дан 0,14%-ға дейін).
"Жастарды ғылымға тарту мақсатында ҒЖБМ мен "Отбасы банкі" АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. "Отбасы банкі" АҚ келісім шеңберінде 2023 жылғы 1 желтоқсанда жас ғалымдарға арналған ипотекалық несие беру бағдарламасын іске қосты. Несиенің ең көп сомасы 20 млн теңгені, қарыз мерзімі – 19 жылды құрайды. 2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 290 пәтер берілді. Бұл жас ғалымдарды Қазақстанда қалуға әрі елімізде ғылымды дамытуға қосымша ынталандырады. Өтеусіз негізде жас ғалымдарға 20 пәтер берілді", делінген хабарламада.
2023 жылы 809 ғалымға әлемнің жетекші орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге гранттар берілді. Қазіргі уақытта Республикалық комиссияның 2 отырысының қорытындысы бойынша 80 үміткердің ғылыми тағылымдамадан өтуі мақұлданды.
Ғылыми кадрларды (PhD докторларын) даярлауда жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді, докторантураға мемлекеттік тапсырыс 1,9 мың орынға дейін ұлғайтылды.