Қоғамның қауіпсіздігін көздейтін құжат: Үкімет жаңа бағдарлама қабылдады

Асхат Қойшығараұлы 24 февр. 2024 08:38 1937

Қазақстан Үкіметінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы (құқық бұзушылық профилактикасы саласында) бекітілді. Құжаттың кіріспесінде атап өтілгендей, қоғамдық қауіпсіздік азаматтардың өмірін, денсаулығы мен әл-ауқатын, қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін қоғамға төнетін нақты және ықтимал қауіптерден қорғау жағдайын көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, қоғамның тұтастығы және тұрақтылығын бақылауға ықпал етеді.

«Құқықтық тәртіп деңгейінің төмендеуі, оның ішінде қылмыстың артуы арқылы көрінетін қоғамдық қауіпсіздікке қатер мемлекеттің тұрақты дамуына елеулі залалын тигізеді, экономикалық белгісіздікті арттырады, ұзақ мерзімді инвестицияларға кедергі келтіреді және заң үстемдігіне нұқсан келтіреді», - делінген тұжырымдамада.

Сондықтан да Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігі, оның ішінде құқық қорғау органдары мен сот жүйесі қызметінің тиімділігін арттыру, халықты қауіпті құбылыстардан қорғау мәселелері бірінші орынға қойылған.

Тұжырымдама оның барлық субъектілерінің ортақ жауапкершілігіне және халықпен сындарлы серіктестік орнатуға негізделген қылмыстың алдын алудың тұтас жүйесін құруға бағытталған.

Қоғамдағы өзекті мәселелерге ең алдымен әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жатады. Бұл ретте балалардың жыныстық тұтастығына қол сұғу динамикасы ерекше алаңдаушылық туғызады.

Нақты сандарға назар аударсақ, 2018 жылы – 739, 2019 жылы – 794, 2020 жылы – 832, 2021 жылы – 913, 2022 жылы – 706. Себептері де айқын, көбінесе отбасылық проблемалар, тұрмыстық тұрақсыздық және ата-аналардың қоғамға жат өмір салты осындай тосын жайттарды тудырып жатады. Олардың басым көпшілігін (80 пайызы) бұрын полицияның назарына ілікпеген кәмелетке толмағандардың жақын адамдары жасайды.

Тағы бір мәселе - ұрлық, алаяқтық және тонау оқиғалары, бұлар тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың 80 пайызға жуығын құрайды. «Мұның алдын алу бойынша қабылданған шаралардың нәтижесін, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын ескерсек, 2018-2022 жылдар аралығында қылмыстардың осы санатының құрылымы ұрлық үлесінің төмендеуіне қарай өзгерген (76 пайыздан 48,2 пайызға дейін) және алаяқтық (12 ,3 пайыздан 35,6 пайызға дейін) өскен», - делінген құжатта.

Сонымен қатар, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (интернет-алаяқтық) пайдалана отырып жасалған қылмыстардың өскені аңғарылады. Бұл ретте алаяқтық пен азаматтардың шотындағы қаражатты ұрлаумен байланысты қылмыстар басым. 5 жыл ішінде олардың саны 5 есеге артып үлгерген. Сондай-ақ қоғамдық орындарда жасалған зорлық-зомбылық қылмыстарының үлесі жоғары.

Қоғамдық орындарда, көшелерде, алаңдарда, саябақтар мен аллеяларда жасалған қылмыстар жалпы көрсеткіштің 40 пайызға жуығын құрайды. 5 жыл ішінде ең көп таралғаны – жалдамалы-зорлық қылмыстары және бұзақылық. Сонымен қатар, мас күйінде жасалған қылмыстар қазіргі қоғамда өзекті болып отыр.

Мұндай қылмыстар аса ауыр қылмыстардың шамамен 40 пайызын және ауыр қылмыстардың 13 пайызын құрайды. Соңғы бес жыл ішінде 1680 адам «мас» қылмыскерлердің қолынан қаза тапты.

Тағы бір мәселе – жол апатынан болатын өлім-жітім деңгейі. Бес жыл ішінде 74 мыңнан астам жол-көлік оқиғасынан 12 267 адам (8 218 ер адам, 2 975 әйел, 1 074 бала) қайтыс болды. Жол-көлік оқиғаларында қаза тапқан азаматтардың 30 пайызы жаяу жүргіншілер мен көліктің жолаушылары, 24,7 пайызы көлік жүргізушілері, 3,4 пайызы мопед пен велосипед жүргізушілері.

Сонымен бірге Тұжырымдамада қамауға алу ғимараттарын салу мүмкіндігінің жоқтығынан қылмыстық жазаның бір түрі ретінде қамауға алу институтының одан әрі дамуы тежеліп, оны қолдану 2017 жылдан бері бірнеше рет кейінге шегерілгені айтылады. Арнайы полиция мекемелерінің (уақытша ұстау изоляторлары, әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстауға арналған қабылдау орындары) 38 пайызында ұстау жағдайлары халықаралық стандарттардың ең төменгі талаптарына да сәйкес келмейді.

Қоғамдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамытудың негізгі тәсілдері үш негізгі бағытты іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі:

халықтың өмірін, денсаулығын және мүлкін қорғау деңгейін арттыру;

мемлекеттiк органдардың бiрлескен жауапкершiлiгiне және халықпен әрiптестiкке негiзделген құқық бұзушылықтың алдын алудың тиiмдi жүйесiн құру;

қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи тиімді ұйымды дамыту.

Елдегі жағдайды түзету үшін құжатта нақты қадамдар мен іс-шаралар жоспары да қарастырылған.


Рекомендовать
Последние новости