Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Конституциялық реформа аясында қоғамды алаңдаңдатқан тіл мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасының жалпы саяси сипатын салауатты саралай білген адам оның мазмұны мен мақсаты мемлекеттілікті, қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздіктің тұрақтылығын күйттейтін астарлы ишараны түсінсе керек-ті. Үлес салмағы 70 пайыздан асқан халық өзінің тілін өзгеге өктемдікпен емес, сары майға ыстық қасық батырғандай байыппен таңа білу дәл бүгін әлдеқайда ұтымды айла болар еді. Тілді текетірес пен ерегестің қаруына айналдыру бізге әбүйір әпермейді. Өзінің тілін өктемдікпен тықпалаған имансыз идеялар пайда болған заманда есермен егесу естінің ісі болмайды", - деді депутат бүгін Мәжіліс отырысында.
Артынша Мәжіліс дәлізінде бұл ойын жалғап, депутат журналистерге мынадай түсінік берді: "Мұндай мәселені бей-жай қалдыра алмаймыз. Осы Конституциялық жобаны талқылау барысында әлдебір тақырыптарды өзіміздің мүмкіндігімізден тыс талқылап, өз қолымызбен елдің ішінде толқын тудырудан абай болуымыз керек".
Еске салайық, бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасында қазақ тіліне нақты әрі айрықша мәртебе берілгенін мәлімдеді.
