"Қызметте беделді". Екі баласын өлтірген әйел туралы тың дерек айтылды

Қаракөз Амантай 09 февр. 2024 14:20 18305

Түркістанда екі баласын өлтірген әйелге байланысты тың деректер пайда болды. Ол білім беру ұйымында 10 жылдан бері жұмыс істеп келген. Бұл ақпаратты Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов растады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Есжановтың айтуынша, балаларын өлтірді деген күдікті ешқандай диспансерлік есепте тұрмаған. Әріптестерімен, ата-аналармен және оқушылармен қарым-қатынасы жақсы болған.

“Түркістанда болған балалар өліміне қатысты күдікті Шиелі ауданындағы білім беру ұйымында 2014 жылдан бері мұғалім қызметін атқарып келген. Оқиға болған 7 ақпан күні мектеп әкімшілігіне ескертпестен жұмысқа бармаған. Мектеп әкімшілігі күдіктінің ұжым, ата-аналар және оқушылармен тіл табысуы, жайлы мінезімен ерекшеленгенін айтады” - дейді басқарма бссшысы.

Сонымен қатар ол педагогикалық қызметінде балаларды оқыту мен тәрбиелеуде бірқатар жетістікке жеткенін де алға тартты.

“Тиісті алғыс хаттармен марапатталған. Әріптестерінің айтуынша, мінезінде ешқандай ауытқу болмаған. Өзі толыққанды отбасы, ата-енесі, жұбайымен бірге тұрған. Қазір ішкі істер органдарында бұл бойынша қылмыстық іс тіркелген. Қорытындысы тергеу амалдарынан кейін белгілі болады, - деді басқарма басшысы. 

Еске салайық, 7 ақпанда Түркістанда әйел жалдамалы пәтерде екі баласын жастықпен тұншықтырып өлтірген болатын.


Рекомендовать
Последние новости