"Қызып кету". Елімізде алғаш рет банктер капиталының жеткіліктілігіне буферлер қолданылды

Кәмшат Тілеухан 18 апр. 2025 10:47 552

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қадағалап стресс-тестілеу (ҚСТ) нәтижелері бойынша алғаш рет банктер капиталының жеткіліктілігіне буферлерді қолданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Стресс-тестілеу қорытындысы бойынша есептелетін буферді енгізу негізгі жаңашылдықтың бірі болды. Оның мөлшері тәуекел деңгейіне қарай сараланған активтер мен шартты міндеттемелер сомасының 0%-нан 3%-на дейінгі аралықты қамтиды. Бұл шешім банктердің ықтимал экономикалық күйзелістерге орнықтылығын арттыруға және бүкіл сектордың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.

Қадағалап стесс-тестілеу 2024 нәтижелері бойынша агенттік әрбір банкке стресс-тестілеу қорытындылары мен капиталға қатысты буфер мөлшері туралы ақпаратты қамтитын ұсынымдары бар хат жіберді.

Айта кетсек, агенттік банк секторындағы тәуекелге бағытталған қадағалаудың кезекті циклін аяқтады, ол бірнеше негізгі рәсімнен тұрады: SREP (Supervisory Review and Evaluation Process) кешенді бағалауы, активтердің сапасын тұрақты бағалау (AQR) және қадағалап стресс-тестілеу (ҚСТ).

Бұған дейін несие нарығының "қызып" кетуіне байланысты Ұлттық Банк капиталдың секторлық контрциклді буферін енгізу туралы шешім қабылдағанын жазғанбыз. Бұл шара халықты кредиттеуге қатысты енгізіледі және халықты кредиттеу сегментінде тәуекел өлшенген активтердің 2%-ы мөлшерінде белгіленеді.

Бұл ретте, екінші деңгейлі банктер аталған талапты 2026 жылғы 1 сәуірден бастап орындай бастайды. Осылайша, банктерге капиталды жинақтау және жаңа секторлық ККБ талаптарын орындау үшін 12 айлық өтпелі кезең беріледі. Бұл талап банктер үшін қолданыстағы жеткіліктілік нормативіне қосымша ретінде енгізіледі.

"Қазіргі уақытта банк секторының жағдайы тұрақты деп бағаланады: өтімділік қоры жеткілікті, кредиттік портфельдің сапасы жоғары, капитал деңгейі жеткілікті және кірістілік көрсеткіштері тұрақты. Алайда, халықты кредиттеу нарығында "қызып кету" белгілері байқалады, бұл кредиттеудің басқа бағыттармен салыстырғанда жеке тұлғалардың кредиттік портфелі қарқынды өсіп келе жатқанымен дәлелденеді", - дейді Олжас Кубенбаев.

Осылайша, соңғы үш жылда халықты кредиттеу көрсеткіші жылына орта есеппен 27%-ға өссе, жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнесті кредиттеу қарқыны орта есеппен 17%-ды құрады. Халықты кредиттеудің негізгі өсіміне орташа мөлшерде жылына 31%-ға өскен тұтынушылық кредит беру көрсеткіші ықпал етті.

Ұлттық Банк жүйелік тәуекелдерді бақылай түседі және қажет болса, буфер параметрлерін өзгеріп жатқан жағдайларға сәйкес бейімдейді.


Рекомендовать
Последние новости