"Қытай ықпал етеді". Қазақстан экономикасының перспективасы жайлы ЕҚДБ есебі жарияланды

Кәмшат Тілеухан 01 окт. 2024 13:36 2144

Еуропалық Қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) 2024 жылдың қыркүйек айындағы "Өңірлердің экономикалық перспективалары" есебін жариялады. Оған сәйкес, Украинадағы, Таяу Шығыстағы қақтығыстар, Еуропа экономикасының тоқырауы, Солтүстік Африкадағы құрғақшылық сынды оқиғалар әлемдік өндірістің өсімін тежегенімен, бірақ сонымен қатар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің дамуында серпін болғаны байқалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Саяси шиеленіс пен табиғи апаттарға қарамастан, Орталық Азия өңірінің (Моңғолияны қоса алғанда) қысқа мерзімді экономикалық перспективалары оң көрсеткіштерге ие болып қала береді.

Банк сарапшылары өңірлік даму өсімі 2024 жылы 5,1%-ға жетеді және шикізаттан түсетін кірістердің өсімі, инфрақұрылымдық инвестициялардың және нарықтық реформалардың арқасында 2025 жылы бұл көрсеткіш, тіпті 5,9%-ға дейін артады деп болжайды.

Есепте Қазақстан өңірлерін су басқанына, Моңғолияда ірі-қараның жаппай қырылғанына қарамастан Орталық Азия елдерінің экономикасы өсу қалпын сақтап қалғаны баса көрсетілген.

"Ақша аударымдарының тұрақты ағыны, жалақы өсімі және аймақтағы халықаралық туризмге қызығушылықтың артуы осы өсімнің негізгі факторларына айналды", делінген ЕҚДБ-ның "Өңірлердің экономикалық перспективалары"есебінде.

Бүкіл өңір үшін ортақ жағымды үрдістердің бірі ретінде Орталық Азиядағы барлық елдер биліктерінің көліктік, логистикалық және энергетикалық инфрақұрылымдарды дамытуға басымдық беруі атап көрсетіледі.

Енді нақты әрбір мемлекетке жекелей қысқаша тоқтала кетелік:

Қазақстан

Орталық Азияның ірі экономикасы – Қазақстан үшін 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында сауда, көлік, қор сақтау, қызмет көрсету және ақпараттық технологиялар секторлары драйверге айнала білді. ЕҚДБ ел экономикасы 2024 жылы 4%-ға өседі деп болжайды.

"Өңірлердің экономикалық перспективалары" есебіне сәйкес, 2025 жылы нақты ЖІӨ 5,5% - ға өсуі мүмкін. Мұндай болжамға Теңіз мұнай кен орнын кеңейту жоспары да белгілі бір деңгейде түрткі болып отырғаны айтылады.

Сонымен, Орталық Азия елдеріндегі экономикалық өсімді айтарлықтай ынталандыратын тағы бір маңызды фактор - Қытайдағы экономикалық өсім. Біріншіден,Қытай экономикасын сауықтыру жөніндегі мемлекеттік шаралар шикізат экспортына бағдарланған елдер экономикасы өсіміне ықпал етуі ықтимал. Екіншіден, Қытай көршілерінің экономикасына миллиардтаған доллар инвестиция жұмсауды жалғастыратын болады, бұл жалпы аймақтағы ЖІӨ-нің өсіміне әкеліп соғады.

Қырғызстан

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында айырқалпақты ел экономикасының нақты ЖІӨ-і 8,7%-ға өсті. Қырғыз Республикасының туристік бағыт ретіндегі тартымдылығының артуы арқасында мейрамханалар мен барлардың ақша айналымы 24%-ға және туристік тасымалдардан түсетін кірістер көлемі 53%-ға өсті.

Сонымен қатар, ақша аударымдарының таза көлемі 12%-ға, ал нақты жалақы 5,2%-ға өсті. Айналып келгенде, бұл бөлшек және көтерме сауда көлемінің өсіміне ықпал етті.

2024 жылдың мамыр айында инфляция тұрақтанған кезде Қырғыз Республикасы Ұлттық банкі пайыздық мөлшерлемені 9%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Соңғы рет мұнда пайыздық мөлшерлеме 2022 жылдың қарашасында бекітілген еді. Есепте елдің ЖІӨ өсімі 2024 жылы 9%-ға жетеді, бірақ 2025 жылға қарай ол 7%-ға дейін төмендейді деп болжанған.

Моңғолия

Қыста қатты аяз салдарынан елде 8,1 млн бас мал қырылып, Моңғолияның экономикалық өсімі күрт төмендеді. Дегенмен елге келуші шетелдік туристер санының артуы қонақ үй бизнесі, қоғамдық тамақтану, тамақ өнеркәсібі және көлік салаларының кеңеюіне серпін берді. Сонымен қатар, Моңғолияда тау-кен секторында  және өңдеу өнеркәсібінде өсім байқалады.

ЕҚДБ Моңғолияның ЖІӨ-і 2024 жылы 5%-ға, ал 2025 жылы 8%-ға өседі деп болжайды.

Тәжікстан

Мемлекеттік сектордағы жалақының, зейнетақының және ең төменгі жалақының өсуі ішкі сұранысты ынталандырып, бөлшек және көтерме сауда секторының дамуына серпін берді. Сондай-ақ, бағалы және жартылай бағалы металдар экспортының қайта жандануы, инфрақұрылымдар түзуге мемлекеттен бөлінетін ақшаның ұлғаюы және басты капиталдағы инвестициялардың өсімі жағымды құбылыс ретінде атап көрсетілген.

Тәжікстанның ЖІӨ-нің өсімі 2024 жылы 8%-ға дейін және 2025 жылы 7%-ға дейін көтеріледі деп болжанады. Қаржылай тәуекелдер ретінде Ресеймен арадағы ақша аударымдарындағы ауытқушылық баса көрсетілген.

Түрікменстан

ЕҚДБ бұл елдің экономикалық тұрақтылығын айқындаушы инфрақұрылымдарға, өндірістік қуаттарға және басты капиталға жасалып жатқан инвестициялар екенін баса айтады. Түрікменстан транзиттік процедураларды түбегейлі оңтайландырды, соның арқасында жүк айналымы артты. Банк 2024 және 2025 жылдары елдің ұлттық экономикасы 6,3%-ға өседі деп болжайды.

Өзбекстан

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында елдің жылдық экономикалық өсімі 6,4%-ға дейін өсті, деп көрсетілген есепте. Қызмет көрсету секторы 2,8%-ға өсті, бұған ақша аударымдары мен туристер ағынының өсімі ықпал еткен. Өнеркәсіптік өндіріс 7,8%-ға өсті, ал өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 9,4%-ды құрады.

ЕҚДБ Өзбекстан экономикасы 2024 және 2025 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан нарықтық реформалар мен инфрақұрылымдық инвестициялардың арқасында 6%-ға өседі деп болжайды. Елдің бетпе-бет келуі ықтимал тәуекелдер қатарына энергия тапшылығы жатқызылған.


Рекомендовать
Последние новости