Қырғыз көкпаршылары әлі ренжіп жүр

Көркем Алдабергенова 07 окт. 2024 17:03 2430

Қырғызстан депутаты Аида Исатбекқызы Астанада өткен көшпенділер ойындарына қатысқан спортшылардың мұңын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.

24.kg сайтының жазуына қарағанда, көрші елдің спортшылары көшпенділер ойындарынан лайықты деңгейде күтіп алмаған елдің спорт министрлігіне наразы.

Біздің 56 спортшы алтын, күміс, қола жүлделер иеленді. Алайда Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі көшпенділер ойындарының қатысушыларына назар аударған жоқ. Оларды күтіп алмады. Маған: "Бұл Олимпиада болмағанымен, бүкіләлемдік ойындар. Біздің бренд" деп айтып жатыр. Олар да жарысқа дайындалды, біздің туымызды көтерді, абыройымызды қорғады. Неге лайықты құрметке ие болмады? – деді қырғыз депутаты Аида Исатбекқызы.

Еске салайық, бұған дейін Dala inside дереккөзі қазақ пен қырғыздың арасындағы "көкпар дауы" Кремльге тиімді екенін айтқан болатын. 

Көшпенділер ойынында орын алған «көкпар дауынан» кейін солтүстік көршіміздің саяси технологтары болашақ Тұран түркі одағын болдырмаудың бір құралы ретінде қазақ пен қырғыз арасындағы мәңгі дау тудыратын тақырыптарды таңдап, оларды үздіксіз қаузап отыру мақсатында ботофермалар мен аффирленген ақпарат құралдарын пайдалануды дұрыс деп тапты.

«Көкпар, кок боруу, қазақ пен қырғыз біздікі деп таласатын ұлттық тағамдар және Кенесары. Әлеуметтік желіде бірден жүздеген комментарийлер тудыратын осы даулы тақырыптар фейсбук топтар мен инстаграм пабликтерде, тик-ток пен ақпарат құралдарына арагідік шығып отырмақ», - дейді DALA INSIDE дереккөзі.

Ресей Тұран идеясына түпкілікті қарсы. Себебі, өзінің ықпалында отырған Орталық Азия мемлекеттері Анкараның геосаяси кеңістігіне ауысып кетеді деген қорқынышы басым. Одан бөлек, өзінің құрамындағы Татарстан мен Башқұртстан сынды түркі мемлекеттері Тұранға қарап бой түзей бастаса, федерацияның ыдырап кету қаупі бар.

Осы аптада Алматы марафондағы қырғыз спортшысы Айнуска Қалилқызының дисквалификация алып, жүлдеден қағылғандығы туралы тақырып жан-жақты қаузалатын болады. «Қырғыз атлеті ереже бұзды» деген наразылық беларус делегациясының тарапынан келсе де, оны қазақ төрешілері әдейі жасады деген месседж «АкиПресс», «Кактус Медиа» сынды ресурстарда кеңінен жарияланбақ. Ал Россотрудничествомен жұмыс істейтін қазақстандық орыстілді блогерлер керісінше «қайта-қайта жылай береді» деп қырғыз ұлтына тіл тигізе бастауы тиіс. Осылайша қазақ пен қырғыз арасында алдымен әлеуметтік желілерде қоғамдық шиеленісті ушықтырып, артынан оны дипломатиялық салқындық деңгейіне дейін көтеру көзделген.

Сонымен қатар, штабы Петерборда орналасқан саяси технологтарға қазақ пен өзбек арасында осындай бір дау тудырып көру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Бокс, басқа да тақырыптар потенциалы зерттелуде. Басты мақсат - Тұран идеясын паузаға қойып, Түркі елдері ұжымындағы қызып келе жатқан жұмыстың берекесін кетіру. Себебі, латын тіліндегі ортақ түркі әліппесінің ресми қабылдануы, және басқа да жобалардың белсенді жүруі Кремльдің мазасын қашырып отыр.

Ресей Тұран Одағын ыдырата ала ма? Егер түркі халықтарының ішкі бірлігі мықты болса ол жоспары іске аспайтыны анық. Бірақ Петербордағы технологтар түбі бір ұлттарды бір-біріне қарсы қоюға таптырмайтын жалған популизм мен псевдоұлтшылдықты пайдалануды меңгеріп алды. Онымен біраз бастаманың аяғын шалып отыруға болады.


Рекомендовать
Последние новости