“Қазхром” компаниясы бұрынғы жұмысшыларының арызына қатысты түсініктеме берді

Қаракөз Амантай 11 дек. 2024 11:10 445

Бұған дейін “Қазхром” компаниясының бұрынғы жұмысшылары ауыр және зиянды еңбек жағдайлары үшін тиісті төлемдердің жасалмағанын, сондай-ақ кәсіби зейнетақы жарналары аударылмағанын алға тартқан болатын. Осыған орай, ERG құрамындағы “Қазхром” трансұлттық компаниясы аталған мәселеге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Компанияның мәліметінше, бұл талаптар Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотында қаралған. 2024 жылдың 25 қыркүйегінде сот шағымданушылардың арызын қанағаттандырудан бас тартқан.

“Шағымданушылардың мамандықтары – “БелАЗ жүргізушісі” және “Тау-кен массасын тасымалдау ісіне жұмылдырылған автокөлік жүргізушілері” кәсіптері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы “Өндірістердің, жұмыстардың, пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер меншікті қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер кәсіптерінің Тізбесінде” бекітілмеген”, — делінген хабарламада.

Айтуларынша, жұмысшыларға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1053 бұйрығына сәйкес, тарифтік ставкаға 20% жоғарылату коэффициентін ескере отырып, еңбекақы төленген.

Қазіргі уақытта бұл іс апелляциялық сатыда қаралуда.

“Қазхром” ТҰК” АҚ жұмысшылардың еңбекақысы мен кәсіби зейнетақы жарналарын төлеу мәселелері заңнамаға сай жүзеге асырылғанын атап өтті. Компания бұл кәсіптерді зиянды жұмыстар тізіміне енгізуді сұрап, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне өтініш жолдаған. Алайда құзырлы комиссия бұл өтінішті 2015 жылдың қазан айында қанағаттандырмаған.

Сонымен қатар жұмысшылардың арыздары негізінде Қарағанды облысының еңбек инспекциясы тексеру жүргізген. Бұл тексеру барысында компания тарапынан заң бұзушылық анықталмаған.

“Қазхром” компаниясы шағымданушылардың мәселесі сотта қаралып жатқандықтан, процесс аясында шыққан сот актілерін талқылауға құқығы жоқ екенін мәлімдеді.

“Қазіргі таңда сот шешімі әлі күшіне енген жоқ. Себебі, арызданушылардың апелляциялық шағымын Қарағанды облыстық соты қарастырып жатыр. Сәйкесінше, түпкі сот шешімі де осы апелляциялық инстанциядан шығуы тиіс”, — деді компания.

Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда “Қазхром” компаниясының бұрынғы жұмысшылары экс-басшыларын сотқа бергені туралы жазған едік.

КазТАГ мәліметінше, шағымданушылар Қарағанды облысындағы марганец кенін өндіру жүргізілген карьерде БелАЗ жүк көліктерінің жүргізушісі болып жұмыс істеген. Олар карьерден тау жыныстарын тасымалдаумен айналысқан. Айтуларынша, жұмыс беруші зиянды еңбек жағдайлары үшін тиісті төлемдер жүргізбеген. Сондай-ақ олар жұмыс беруші кәсіптік міндетті зейнетақы жарналарын аударуы тиіс болғанын алға тартады. Себебі олардың кәсібі осы жарналар қарастырылған тізімге кіретін көрінеді. Шағымданушылар бұл ретте денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің “Кәсіптер тізімін бекіту туралы” бұйрығына сілтеме жасап, карьердегі тау жыныстарын тасымалдаумен айналысатын жүргізушінің еңбекақыны жоғары мөлшерде алуға құқығы бар екенін мәлімдейді.

Жұмысшылар өздеріне тиесілі төлемдерді: кәсіптік міндетті зейнетақы жарналарын аударуды және еңбекақыны жоғары мөлшерде төлеуін талап етеді. Олар еңбек шарттарына сәйкес, БелАЗ автосамосвалының жүргізушісі қызметі ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайларына жататынын, бұл өз кезегінде ауруға шалдығу қаупімен байланысты екенін атап өтті.


Рекомендовать
Последние новости