ҚазҰУ жетістіктері мен даму басымдықтары

Dalanews 03 июн. 2021 04:56 1216

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ж.Қ.Түймебаев Алматы қаласының өңірлік  коммуникациялар қызметі алаңында онлайн режимде брифинг өткізді.

БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде жетекші университеттің 2020-2022 жылдардағы басты нәтижелері мен жетістіктері және алдағы даму жоспары таныстырылды.

Ректордың айтуы бойынша, бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – әлемдегі 200-топ үздік ЖОО қатарына енген Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз университет. QS жаһандық рейтингі бойынша білім ордасы 165-ші орында. Ұлттық рейтингтерде де үнемі көш бастап келеді.

Университет мемлекеттік және халықаралық стратегиялық міндеттерді шешуде айтарлықтай әлеуетке ие.

500-ден астам, оның ішінде, алыс және жақын шет елдердің жетекші университеттерімен бірлесіп әзірленген білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Іске асырылып жатқан жобалардың жалпы бюджеті 7,7 млрд теңгеден асады. Ғылыми мақалалар бойынша да көшбасшы болып табылады және рейтингтік басылымдардағы әрбір бесінші қазақстандық жарияланым ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі.

2020 жылы университет беделді «Вэб оф Сайнс» деректер қорының «Ғылым көшбасшысы» сыйлығының үш номинациясына ие болды.

ҚазҰУ ғалымдары COVID-19 індетінің алдын алуға белсенді атсалысуда.

Британдық «AVEVA Group plc» компаниясымен бірлесіп Инженерлік жобалау орталығы құрылды, ол компанияның Орталық Азия өңіріндегі алғашқы өкілдігі болып табылады.

Университет жаһандық трендтерді ескере отырып, жаңа бағдарламаларды енгізуде. Атап айтқанда, Нейроғылым, Креативті индустрия, Цифрлық экономика, Экологиялық инжиниринг, Медиа¬коммуникация¬лар, Деректер туралы ғылым, Цифрлық мұрағаттану және құжаттану, Басқарудың интеллектуалды жүйелері, Наноматериалдар және нанохимия.

Жоғары оқу орнындағы басымдықтардың бірі – студенттерге әлеуметтік қолдау болып табылады. Қазіргі таңда бір мыңнан астам  әлеуметтік осал санаттағы «оқу озаттары» мен «жақсы оқитын» студенттер оқу ақысына 10-нан 25%-ға дейін жеңілдік алып отыр. Демеушілер қатарында 50-ден астам ұйым мен компания бар.

Университетте кадрлық әлеуетті дамытуға ерекше назар аударылады. Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап оқытушылар мен қызметкерлердің жалақысы 20%-ға өсті. Оқытушылардың мәртебесі және олардың университет дамуына қосқан үлесі артып келеді. Оқу орнында оқытушылардың халықаралық қауымдастыққа енуіне де үлкен көңіл бөлінеді.

Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Білім және ғылым министрлігі жыл сайын 500 қазақстандық ғалым шетелдік тағылымдамадан өтетін болады.

Университетке халықаралық деңгейдегі ғалымдар, АҚШ және Еуропа ЖОО-ларында, оның ішінде Кембриджде сабақ беру тәжірибесі бар Уалбай Өмірбаев және Базбек Дәулетов сынды профессорлар тартылған. Университеттің 400-ден астам оқытушысы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантының иегері болып табылады, бұл елдегі гранттардың жалпы санының 20 пайызын құрайды.

Қазіргі уақытта университет карантиндік шараларды ескере отырып, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ауқымды республикалық және халықаралық іс-шаралар өткізуде. 19 мамырда көрнекті ақын О.Сүлейменовтің 85 жылдық мерейтойына арналған халықаралық онлайн-конференция ұйымдастырылса, 31 мамырда «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі қалыптасуының саяси-құқықтық және экономикалық мәселелері: тарих және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Елбасы саябағы» ашылды.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне бой түзеген жеміс бағында 300-ге жуық алма, шие, өрік ағашы отырғызылды.

Ұлыстың ұлы күні қалашықта «Ағаштар аллеясы» ашылды. Онда ұжыммен бірге жалпы саны 300-ден астам қырым қарағайы мен алтай шыршасы отырғызылды.

Ғылым қызметкерлері күнінде Сиверс алмасының 100-ге жуық көшеті егіліп, ол «Ғалымдар бағы» деп аталды.

ҚазҰУ ректоры сөз соңын: «Жалпы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім және ғылым саласында айтарлықтай нәтижеге ие. Біз университетте 2021-2025 жылдарға арналған негізгі басымдықтарды кеңінен талқылаудан өткіздік. Ұжым ел ауқымында стратегиялық міндеттерді шешуге және университетті одан әрі дамытуға ниетті» деп түйіндеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости