ҚазҰПУ стратегиясы

Dalanews 10 февр. 2018 05:12 916

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Балықбаев  ақпан айының 6-8 күндері аралығында университет студенттерімен, профессор-оқытушылар құрамымен, магистранттар және  докторанттармен кездесті.

Кездесу барысында ректор университеттің кейбір стратегиялық бағыттары туралы айтты. Атап айтқанда,  цифрлық университет құру, зерттеу университеті деңгейіне жету, оқу ордасындағы менеджментті өзгерту,  ұлттық университет атағына сәйкес оқу әдістемелік және ғылыми әдістемелік орталық ретіндегі жұмыстарды  ретке келтіру, инфроқұрылымдарды жолға қою, сондай-ақ, ғылыми зерттеу, білім, тәрбие беру сынды оқу ордасының ішкі жұмыстары туралы сөз қозғады.

– Оқу жылы басынан бері біз ең алдымен  бакалавриаттағы оқу ісіне үлкен мән бердік. Ол үшін ең алдымен оқу курсын жүргізу, білім беруді жоспарлау және бақалау жүйесі ретке келтірілді. Бізде оқу процесін жоспарлау мен ұйымдастыру жағынан  сұрақтар болмау керек. Сондай-ақ, жемқорлықты жою, жас ғалымдарды ынталандыру, ғылымды қаржыландыруды жобалық жүйеге көшіру, өзге университттермен тәжірибе алмасу,  жас оқытушылар мен ғалымдарды тарту, жастарға дұрыс тәрбие беру және оларға қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру жағынан да жұмыстар атқарылуда. Әрине, қолға алып отырған жұмыстар көп. Олардың барлығын бір мезгілде шешіп тастау мүмкін де емес. Дегенмен, рет-ретімен біз барлық мәселені де шешеміз, – деді университет ректоры Т.Оспанұлы.

Бүгінгі күні университтерге академиялық еркіндік беру мәселесі сөз болып жатқаны белгілі. Ректор егер осындай мүмкіндік туса, зерттеу университеті деңгейіне жетуге болатынын сеніммен айтты.

Ректормен болған әр кездесу екі сағатқа дейін созылды. Т.Оспанұлы ең алдымен кездесулердің барынша ашық болғанын талап етті. Сондықтан жиынға келгендердің барлығы өз ойларын, толғандырып жүрген сұрақтарын ашық қойып, жауап алуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, сұрақтармен қатар ұсыныс, өтініш, тілектер де, университет ректорына айтылған алғыстар да көп болды.

 

Нұрмұхаммед Мамырбеков 

 

https://dalanews.kz/33351

Рекомендовать
Последние новости