ҚазҰПУ-де Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды

Dalanews 24 мая 2018 09:02 851

Қазақста қазір әлемге саяси жэне экономикалық жетістіктермен таныла отырып, этносаралық татулық, мәдениеттердің әр алуандығымен үлгі көрсетіп келе жатқан бірегей ел. Мемлекет басшысы Н.А.Назарбаевтың сындарлы саясаты түрлі этностарды ұйыстыра білді.



Бұл елді татулық пен ізгілікке бастайтын дара жол болып қала бермек. Соның арқасында қазақстандық әрбір азамат үшін ұрпақтар сабақтастығы арқылы жеткен татулық, бірлік, сенім мен тең құқықтық ең маңызды қасиеттер болып қалыптасып отыр.

Бұған жол салған Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы екені белгілі. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде ел бірлігінің алтын арқауына айналып отыр.

Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы талабынан туындаған еді. Аталған бастама мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды. Жиырма үш жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.

Ел Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев атап өт­кендей, «Ең бастысы, көп ұлтты Қазақстан халқы келісім мен татулықта өмір сүруде. Біз осы негізде ғана дами аламыз». Республика халқының саны 18 млн. адамнан асты. Елімізде 130-дан аса ұлт өкілдері өмір сүреді. Олардың арасындағы келісім мен татулық еліміз үшін шешуші мәнге ие. Саяси тұрақтылықтың тұғыры да сол келісім мен татулық болғандықтан, Президент те, ел билігі де бұл мәселені жіті бақылауда ұстауда.

Ше­телдік сарапшылардың пікірінше, Қазақстан билігі елдегі барлық этностық топтардың мүдделерін жүзеге асыруда және сол арқы­лы этносаралық қарым-қаты­нас­тардың үйлесімділігін қамтамасыз етуде салиқалы саясат жүргізуде. Сол саясаттың бұлжытпай орындалуы, азаматтық институттар мен ел халқының, Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мы секілді халықаралық ұйым­­дардың қолдауы елдегі эт­нос­­аралық қарым-қатынастың ны­ғая түсуіне көп септігін тигізуде. Қазақстанда этносаралық қа­рым-қатынастар саласында іргелі ғылыми-сараптамалық жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай 2013 жылы 28 маусымда Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы ашылса, бүгінде ЖОО-ларда осындай кафедралардың саны 40-қа жетіп отыр. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде осы 40-шы кафедраның ашылуы оқу орнының өміріндегі елеулі оқиға болды.

– Бүгінде біздің оқу орнымызда 35 әртүрлі этнос өкілдерінің балалары білім алуда. Осыған байланысты қазір бізде студенттердің шағын Ассамблеясы жұмыс істейді. Енді, міне, университетімізде «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» кафедрасының ашылуы студенттер арасындағы  ынтымақ пен бірлікті, достықты нығайтуға, ұлттық мәдениеттерді дамытуға қызмет етеді деп сенеміз, – деді ректор Такир Оспанұлы Балықбаев. – Студенттеріміздің негізгі бөлігі болашақ педагогтар болғандықтан, олар ертең мектепке барғанда жас буынды халықтар достығы, ұлтаралық қатынас мәдениетіне тәрбиелеуге тиіс. Сондықтан аталған кафедраның ашылуы университет өміріндегі өте маңызды оқиға болғаны анық. Жуырда өткен ҚХА сессиясында оның Төрағасы, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев осындай кафедралардың бүгінгі қоғамдағы рөліне ерекше тоқталған болатын. Бұл кафедралардың білім беру, ғылыми-зерттеу, әдістемелік маңызы орасан. Кафедра ең алдымен білім беру саласына баса көңіл бөледі. Біз Ассамблеяның кейбір бағыттары бойынша оқу үдерісіне арнайы дәрістер енгіземіз. Ғылым, білім, сараптама-талдау қызметі, тәрбие беру, азаматтық келісімді дамыту мәселелерімен осы кафедра айналысады.

Жаңа кафедраның лентасы қиылып, есігі айқара ашылған соң ҚР Мемлекеттік Әнұраны шырқалды. Бұдан соң Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті арасында Меморандумға қол қойылды.  Бұл Меморандумда  елдегі ұлттық бірлік және этносаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісін нығайтуға және жетілдіруге бағытталған ұлттық стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға қатысу; Өзара әрекеттестік барысында мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыруды білім және ғылым тұрғысынан қолдауды қамтамасыз ету; ғылыми қоғамдастық пен студенттерді қоғамдық келісімді қалыптастыру үдерісіне тарту, әлеуметтік шиеленіс себептерінің алдын алу механизмдерін жасау; жастардың азаматтық қоғамдастық сезімін қалыптастыруға бағытталған патриоттық іс-шараларға, этносаралық және мәдениетаралық диалогқа тарту сияқты өзекті мәселелер қамтылған.

Жаңа кафедраның ашылу салтанаты «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы – әлеуметтік бірліктің тұғыры» тақырыбындағы дөңгелек үстел басындағы әңгімеге ұласты. Бұл мәжіліске Алматыдағы көптеген этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел басындағы сұхбатты ашып және жүргізіп отырған университет ректоры, профессор Т.Балықбаев Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің биыл атап өтілетін 90 жылдық мерейтойы туралы айта келіп, Қазақстан Халқы Ассамблеясының бүгінгі қоғамдағы рөліне тоқталды. Бұдан кейін сөз алған ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Леонид Андреевич Прокопенко мен ҚХА кафедралары қауымдастығының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Анатолий Афанасьевич Башмаков ҚХА кафедрасын ашқаны үшін университет ректоры Такир Оспанұлы Балықбаевқа алғыс айтып, Қазақстан мемлекетінің дамуындағы Ассамблеяның рөліне тоқталды және Президенттің бес әлеуметтік бастамасын еліміздің барлық этностары толық қолдайтынын атап көрсетті.

Жаңа ашылған ҚХА кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Георгий Васильевич Кан, Еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы Александр Иосифович Барон, ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Ахметжан Багримұлы Шардинов, «Барбанг» күрд этномәдени бірлестігінің төрағасы Князь Ибрагимұлы Мирзоев,  «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Асылы Осман, Сорбонна-Қазақстан институтының «Халықаралық қатынастар» кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы Жомарт Құдайбергенұлы Симтиков, Абай атындағы ҚазҰПУ Жаратылыстану және география институтының 1 курс студенті, студенттік «Бірлік» ассамблеясының мүшесі Екатерина Кучумидзе дөңгелек үстелдің күн тәртібіндегі мәселе бойынша өз ойларын ортаға салды.

Мырзахан АХМЕТОВ, Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы

Рекомендовать
Последние новости