Жамбыл облысында "Қазпошта" АҚ ғимаратының шатыры құлап, мүгедек болып қалған әйелге компания 18,5 миллион теңге өтемақы төлейтін болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2023 жылдың көктемінде Жамбыл ауданы, Аса ауылында қатты жел "Қазпошта" АҚ филиалы ғимаратының шатырын ұшырып әкетіп, ол әйелдің үстіне құлаған.
Шұғыл түрде реанимацияға жеткізілген әйелдің миы шайқалып, кеудесі мен жұлыны зақымдалып, 3-4 омыртқасы сынған. Содан кейін 1 топтағы мүгедектік санаты берілген.
Қазпоштаның Жамбылдағы филиалы жәбірленушіге 7 млн теңге көмек көрсеткенімен, ол қаражат шетелде емделуге жетпеген.
Сол себепті жәбірленуші сотқа жүгінуге мәжбүр болған.
Сотта АҚ өкілі талап қоюды мойындамады, 2021-2022 жылдары АҚ-мен шатырға жөндеу жүргізілгенін, бірақ архивтен жөндеу жұмыстарына қатысты құжаттар табылмағанын, сәйкесінше шатырды ауыстырған мердігерді анықтау мүмкін болмағанын айтып түсіндірген. Сотта шатырдың құлауы мердігер сапасыз орындаған жөндеу жұмыстарының салдарынан оның жеткіліксіз нығайтылмағанына байланысты болғандығы анықталды, – делінген сот хабарламасында.
Сот мекеме объектінің қауіпсіздігі мен пайдалануының тиісті деңгейін қамтамасыз етпеді деген қорытындыға келді, себебі АҚ ғимаратты күтіп ұстауға және шатырдың күрделі жөндеу жұмыстарын бақылауға жауапты болып есептеледі. Осыны ескере отырып, талап ішінара қанағаттандырылды: АҚ-дан 8,5 млн теңге материалдық залалдың өтемақысы және 10 млн теңге моральдық зиян өндірілді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.